«Папка сияқты»: ҚазҰУ түлектері университет берген дипломға риза емес

Threads желісінде тағы дау шықты. Биыл оқу ордасын бітірген ҚазҰУ түлектері университет ұсынған дипломның сапасына риза емес.
Ол туралы пікірін түлектер әлеуметтік желіде жазған. Кейбірі дипломның қағазы тым жұқа, папкаға ұқсайды дейді. Ал өзгелері дипломның дизайны өзгергеніне, шрифті латынша жазылғанына наразы.


Білім ордасы бакалавр түлектеріне көк және қызыл түсті диплом, ал магистранттарға қою көк түсті диплом ұсынған. Студенттер ренішін желіге жаппай жазғаннан кейін университет бұған қатысты пікір білдіріп, ресми парақшасында арнайы видео жариялады.
«Әлемдік стандарттарға сай, А4 форматта, қалың, жыртылмайды. Көріп тұрғаныңыздай, ішінде ерекше QR-коды бар, ешкім сіздерден қайталай алмайды. Неге альбом форматында болмайды деген студенттерге айтарымыз, бұл сіздердің ресми құжаттарыңыз. Сондықтан осылай А4 форматында жүреді», – деп түсіндіреді университет өкілдері.
ҚазҰУ – елде ұзақтан бері келе жатқан оқу орындарының бірі. Осы жылы көктемде халықаралық QS Quacquarelli Symonds агенттігі ҚазҰУ-ды әлемнің үздік университеттері рейтингіне енгізді.
Бұған дейін университет студенттерінің жеке дерегі тарап, дау болып, прокуратура тексеріс бастаған.