Әскерге барып, сал болып қайтқан Ербаян жер қойнауына тапсырылды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
SMM бөлімінің жетекшісі
Ербаян Мұхтардың жаназасы / фото: Kursiv Media, Дәурен Ерболатов

Әскерге борышын өтеуге кетіп, сал болып оралған Ербаян Мұхтардың жаназасы шығарылды. Сарбаздың жақындары, туған-туыстары оны Астанадағы «Шейх Кунта қажы» мешітінде ақтық сапарға шығарып салды.

Жаназаға шамамен жүзге жуық адам жиналды. Олардың қатарында Ербаянның туыстары, жақындары, жора-жолдастары да бар. Отбасының адвокаты Инга Иманбай да келген. Ол Ербаянның оқиғасы әскерге барғысы келетін жастарға кері әсер етеді дейді.

«Менің екі ұлы бар, ол патриот болып өскенін, Отанын қорғағанын қалар едім. Ол үшін әскерге бару керек. Ал әскерге бару үшін мемлекетке ұлымды сеніп тапсыруым керек. Енді Ербаянның кейсінен кейін мемлекет бірнәрсені өзгертуі тиіс. Балалар мен олардың ата-аналары туралы ойламаса да, ұлттық қауіпсіздік туралы ойлауы керек қой. Ел азаматтары балаларын мемлекетке сеніп тапсыра алмаса, әскерге жібермесе, онда ертең мемлекетті кім қорғайды?», – дейді ол тілшілерге.

Ербаян Мұхтардың жаназасы / фото: Kursiv Media, Дәурен Ерболатов

Ербаянның жаназасы өтіп жатқан мешіт айналасында полиция көліктері де байқалды. Kursiv Media тілшісі жақындарынан пікір алуға тырысып көрген, бірақ ешқайсысы келіспеді.

Үйінде ем алып жатқан Ербаянның мамырда денсаулығы күрт нашарлап, ауруханаға жатқызған еді. Сарбаз 23 маусымда қайтыс болды, ол ауруханада жатқан жерінен жүрегі тоқтап қалды.

Денсаулық сақтау министрлігі ол өз өлімімен өлді деп мәлімдеді, бірақ туыстары дәрігерлерді айыптайды. Ауруханада дұрыс қарамаған деп наразылық білдірді.

Ербаян Мұхтардың оқиғасы былтыр қоғамда үлкен резонанс тудырып, әскердегі сарбаздардың өлімі жайлы тақырыпқа назар аудартты. Ол армияда жүріп, бас-ми жарақатын алғаннан кейін, комаға түскен. Бірақ ата-анасына ескертпестен, оның басына ота жасаған, кейін емхана біраздан соң сарбазды үйге шығарып жіберген. Осыдан кейін оның отбасы қазақстандықтардан көмек сұрап, Ербаянның еміне қаржы жинауға шот ашқан. Халық 140 млн теңге жинап берген. Осыдан соң оған Ыстанбұлда ота жасалған.

Сондай-ақ оқыңыз