Бензин жеткілікті ме: Атырау мұнай өңдеу зауыты жарты айға жөндеуге жабылды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Атырау мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ)
Ірі өндірісін орнындағы мамандар / фото: ҚМГ

Атырау мұнай өңдеу зауыты 26 маусымнан бастап жөндеуге жабылды. Өндіріс орны шамамен жарты ай бойы жұмыс істемейді. МӨЗ-дің жабылуы елде бензин тапшылығын туғызбай ма?

Жоспарлы жөндеу

Зауыттың уақытша жабылатыны алдын ала хабарланып, Энергетика министрлігі жөндеу жұмыстарының кестесін бекіткен.

«Бұл іс-шаралар жабдықтың сенімділігін, технологиялық процестердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және жалпы өндірістік тиімділікті арттыру мақсатында жүргізіледі», – деп түсіндірді ҚазМұнайГаз.

Ұлттық компания мәліметінше, оның барысында 20 реактор, 213 сыйымдылық, 32 колонна және 231 жылу алмастырғыш жабдық тексеріледі. Бұған қоса құбыр желілері жаңартылады.

Сонымен бірге технологиялық қондырғыларда жалпы көлемі 335 тоннадан астам катализатор ауыстырылады. Лас заттардың атмосфераға таралуын мейлінше азайту мақсатында жабдықтар тазаланады.

Атыраудағы зауытты жөндеуге 1685 маман мен 53 арнайы техника тартылды. Оның барысында еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады.

Атырау мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ)
Зауытта мұнай өнімдерінің қоры бар / фото: ҚМГ

Бензин тапшылығын туғызбай ма?

ҚМГ дерегінше, жанар-жағармай тұрақтылығын сақтау мақсатында мұнай өнімдері ішкі нарыққа алдын ала жасақталған қорден жөнелтіледі. Қазір зауыт қорында 38 мың тонна автобензин, 31,3 мың тонна дизель отыны және 6,8 мың тонна авиациялық отын бар.

Ұлттық компания елдің мұнай өнімдері нарығын тұрақты деп сипаттады. ҚМГ мәліметінше, АИ-92 маркалы бензин қоры 34 күнге, ал дизель отыны қоры 32 күнге жетеді.

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қондырғылар 10 шілдеден бастап біртіндеп пайдалануға беріледі.

Бұған дейін қазақстандық экономист елде АИ-92 маркалы бензин алдағы уақытта да үздіксіз қымбаттай беретінін айтқан. Осы аптада Ресей Қазақстаннан 50 мың тонна бензин алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқаны мәлім болған.

Сондай-ақ оқыңыз