Курьер ананың оқиғасынан кейін жұмыспен қамту орталықтарының форматы қайта қаралады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Асқар Ертаев
фото: gov.kz

Курьер анаға қатысты жағдайден кейін елдегі мансап орталықтарының жұмысы қайта қаралатын болды. Бұл туралы үкімет отырысынан кейінгі кулуарда еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Асқар Ертаев айтты.

«Шынымен мансап орталықтарының жұмысы қайта қаралады. Олар қазір қалай жұмыс істейді? Адам келсе, қызмет көрсетеді. Келмесе ешқандай әрекет жоқ. Сондықтан форматы өзгереді. Жұмыс жеткілікті, нарықта кадр тапшылығы бар, оны мойындау керек», – деді министр.

Тағы оқыңыз: Жолдасы төсек тартып, өзі көше кезген: курьер ананың жағдайы белгілі болды

Мансап орталықтарының жұмысына қатысты сын сәбиін көтеріп, курьер болып жүрген ананың оқиғасынан кейін көтерілді. Тілшілер жұмыс ұсынатын ірі өндіріс орындары, ұлттық компаниялар қайда? Неге азаматтар, оның ішінде декреттегі әйелдер курьер, такси жүргізушісі болып жұмыс істеуі керек деген сауал көтерді. Министр жұмыспен қамту платформаларында сол келіншек тәрізді курьер болып жүрген мыңдаған әйелдер бар екенін мойындады.

«Жұмыспен қамту платформасы көрсеткендей, ол жақта 1 млн 100 мың адам жұмыс істейді. ….300 мыңға жуық әйел түрлі учаскелерде жұмыс істеп жүр. Бірақ олардың ішінде қаншауы декретте, декретте емес, әзірге, ондай ақпарат жоқ», – деді ол.

Ертаев сөзінше, қазір министрлік пен жұмыспен қамту платформасы келіссөздер жүргізіп жатыр. Олар жұмыс істеп жүрген азаматтардың еңбек жағдайына қатысты нақты статисика ұсынуы керек.

«Иә, азаматттарды тезірек жұмыспен қамту керек. …Сондықтан алдағы уақытта жұмыспен қамту бағдарламасын қайта қарамақшымыз. Ол өзгерістерді де бастадық. Әзірге, кезең-кезеңімен жүріп жатыр, сондықтан кеңінен жариялай алмаймыз. Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі аяқталған соң, толық жариялаймыз», – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Тақырыптың көтерілуіне себепші болған – төрт айлық сәбиін көтеріп, курьер болып жүрген курьер ананың оқиғасы. Жас отбасы Шымкенттен Алматыға көшіп келген, бірақ желідегі резонанстан кейін олардың өз қаласына қайта көшіп кеткені белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз