Шілдеден бастап Қазақстанда не өзгереді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Шілдеде қазақстандықтар Астана күнін тойлайды/фото: img.arrivo.ru

Шілдеден бастап елде бірқатар саяси өзгеріс болады. Әуелі референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция күшіне енеді. Одан бөлек қазақстандықтар қай банк қосымшасы арқылы төлем жасағанына қарамастан, бір QR-код арқылы төлем жасай алады.

KurisvMedia саясат пен экономикадағы өзгерістерді шолып шықты. Сондай-ақ күшіне енетін заңдарды жинақтады.

Жаңа Конституция

Күшіне енетін Конституцияға сәйкес, Сенат жойылып, бір палаталы парламент «Құрылтай» деп аталатын болады. Одан бөлек Қазақстанның Халық Кеңесі жаңа консультативтік орган ретінде орнығады және вице-президент институты енгізіледі. 

Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Бәрі пропорционалдық жүйемен, яғни партиялық тізіммен сайланады. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл.

Қазақстан Халық Кеңесі жоғары консультативтік орган саналады. Жалпыхалықтық диалогты және азаматтық қоғамның елдегі ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Кең ауқымдағы өкілеттікке, соның ішінде заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқығы бар. 

Заңның басты жаңалығы – вице-президент институтының құрылуы. Осылайша вице-президент президент айқындаған міндеттерді орындайды.  

Бірыңғай QR-код енгізіледі

19 шілдеден бастап қай банктің мобильді қосымшасын қолданғанына қарамастан, бір ғана QR-код арқылы төлем жасауға болады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жүйенің іске қосылуы тұтынушының немесе сатушының қай банкті пайдаланатынына қарамастан, бірыңғай QR-код арқылы тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 19 шілдеден бастап Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді.

Ресейге тек арнайы QR-код арқылы кіруге болады

Ресей Федерациясына баруды жоспарлап отырған қазақстандықтар үшін шекарадан өту тәртібі өзгерді. Шілдеден бастап көрші елге жұмыс істеуге немесе білім алу мақсатында баратын қазақстандықтар «Госуслуги РФ» мобильді қосымшасын пайдалануға міндетті.

Жаңа талапқа сай, шетел азаматтары бұл платформада жеке профиль ашып, сапарға шықпас бұрын арнайы тіркеуден өтуге тиіс.

Ресейге кіру туралы өтінішті мемлекеттік шекараны кесіп өтуден кемінде 72 сағат бұрын тапсырғаны жөн. Өтініш қаралғаннан кейін қосымшада кіру құқығын растайтын жеке QR код беріледі. QR код 90 күн бойы жарамды болады.

Құрылыс бақылауға алынады

Шілдеде Құрылыс кодексі күшіне енеді. Сол арқылы құрылыс саласы цифрлық технологияларға және бірыңғай цифрлық платформаға көшіріледі.

Құрылыс компанияларына қойылатын талап қатаңдап, лицензиясы барлардың электрондық тізімі жасалады.

Ұлттық техникалық нормалау институты құрылыс нормаларын әзірлеу мен жаңартудың бірыңғай орталығы ретінде құрылады. Цифрлық жүйелерді интеграциялау үшін Qportal.kz бірыңғай құрылыс порталы құрылды, ол құрылысты жоспарлау, сараптау және бақылау жүйелерін біріктіреді.

Бұған қоса, құрылыс барысы E-Qurylys арқылы жүзеге асады. Жер сатып алудан бастап, нысанды қолданысқа беруге дейінгі жұмыстардың бәрі осында көрініп тұруға тиіс.

Сейсмикалық қауіпсіздік

Құрылыс кодексіне сәйкес, жосықсыз құрылыс компанияларының тізілімі құрылып, ол eGov пен министрлік порталында ашық жарияланады.

Сейсмикалық қауіпті аймақтардағы ғимараттарды міндетті паспорттау, конструктивтік жүйелерді сынақтан өткізу және I деңгейдегі маңызды нысандарға сейсмометриялық станциялар орнату талап етіледі. 

Мамандардың жауапкершілігі де арттырылды. Бұдан былай тек компания ғана емес, нақты инженерлер мен құрылыс мамандары да жеке жауап береді. Қателіктер үшін сертификатты қайтарып алудан бастап, қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастырылған.

Газ бағасы қымбаттайды

Шілдеден Қазақстанда тауарлық газ бағасы 33%-ға дейін қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев айтты.

Сөзінше, тариф алдағы жылыту маусымына дайындық пен газ инфрақұрылымын жаңартуға байланысты көтеріледі. 

Айта кетейік, елде газ жүргізу мен газ тұтыну көлемі де тұрақты артып келеді. Министрліктің мәліметінше, 2026 жылы Қазақстанда газ тұтыну көлемі тағы 1 млрд текше метрге артады.

Маркетплейс жұмысындағы өзгеріс

Шілдеден бастап ЕАЭО елдерінде, соның ішінде Қазақстанда шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын тауарларға қатысты жаңа ереже күшіне енеді.

Temu, AliExpress, iHerb және басқа да интернет-дүкендерден 200 еуродан қымбат тауар сатып алатындар 21,8% салық төлейді. Оның 5%-ы кедендік баж, ал қалған 16%-ы қосылған құн салығы (ҚҚС). 200 еуродан арзан тауарлар үшін қазіргі тәртіп сақталады.

Мысал келтірейік. Сіз шетелден 300 еуро тұратын телефонға тапсырыс бердіңіз делік. Бірақ шын мәнінде шамамен 385 еуро төлеуге тура келеді:

  • Кедендік баж (5%): 300 × 5% = 15 еуро.
  • ҚҚС базасы: 300 + 15 = 315 еуро.
  • ҚҚС (16%): 315 × 16% = 50.4 еуро.

Барлық төлейтін салығыңыз: 15 + 50.4 = 65.4 еуро (бұл тура 300 еуроның 21.8%-ын құрайды)

Оған банк комиссиясы, брокерлік қызмет ақысы қосылады. Сонда шамамен 375-385 еуро төлеуге тура келеді. Бұған тауар жеткізу құнын қосыңыз.

Самокаттарға қойылатын талап

1 шілдеден бастап елде электрсамокаттарға қатаң талаптар енгізіледі. Енді самокатқа тротуармен жүруге тыйым салынады. Самокатты тек 18 жасқа толған және жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана жалға ала алады. Сондай-ақ барлық құрылғыға тіркеу нөмірі (мемлекеттік нөмір) мен міндетті сақтандыру полисі енгізіледі.

Бұған дейін JET сервисі өкілдері мобильді қосымшада пайдаланушылардан ЖСН енгізу талап етілетінін хабарлаған. Бұл жүргізуші куәлігінің бар-жоғын және адамның көлік басқару құқығынан айырылмағанын автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Жалға берілетін электрсамокаттардың ең жоғары жылдамдығы – сағатына 25 шақырым.

Айта кетейік, 2025 жылы елде самокат жүргізушілері кінәсінен 139 жол апаты тіркеліп, 149 адам жарақат алған.

Әскерге шақыру және цифрландыру

4 шілдеден бастап әскерге шақыру процесін цифрландыруға қатысты өзгерістер күшіне енеді. Енді әскерге шақыру Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Қорғаныс істері жөніндегі басқармалар әскерге шақырылушылар туралы мәліметтерді мемлекеттік органдардың цифрлық ақпараттық жүйелерінен алады. Ал шақыру комиссиясының шешімдері электронды хаттама түрінде рәсімделеді.

Әскери команда құрамына енгізілген азаматтарды әскерге шақыру туралы бұйрық цифрлық жүйе арқылы шығарылады. Медициналық куәландырудың нәтижелері, оның ішінде әскери қызметке жарамдылық дәрежесі цифрлық есепке алу картасына енгізіледі.

Әуе рейстері

3 шілде мен 31 тамыз аралығында FlyArystan әуе компаниясы Астана – Тамшы (Ыстықкөл) бағыты бойынша тікелей рейстерді орындайды. Ұшақтар аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері қатынайды. Билет құны 37 мың теңгеден басталады.

10 шілдеден бастап Air Astana Астана – Дубай бағытындағы рейстерді қайта іске қосады. Ұшақтар Иранның әуе кеңістігін айналып өтіп, Пәкістан арқылы ұшады.

31 шілдеден бастап SunExpress Измир – Алматы – Измир бағыты бойынша рейстерді ашады. Рейстер 2026 жылдың қазаны соңына дейін аптасына екі рет орындалады.

ЖОО-ға құжат тапсыру аяқталады

20 маусымда ел бойынша жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жұмысын бастады. Гранттар конкурсына қатысуды жоспарлап отырғандар 13-20 шілде аралығында қатысуға өтініш беруі керек. Дәл осы кезеңде талапкерлер түскісі келетін мамандықтар мен ЖОО-ларды таңдайды.

Гранттар конкурсына өтінішті кез келген ЖОО-ның қабылдау комиссиясы арқылы тапсыруға болады.

Грант иегерлерінің тізімін ҒЖБМ (Ғылым және жоғары білім министрлігі) 10 тамызға дейін жариялайды.

Қатарынан үш күн демалыс бар

Шілдеде Астана күніне орай қазақстандықтар қосымша бір күн демалады. 6 шілде – Астана күні.

Биыл 6 шілде дүйсенбіге түсіп тұр. Осыған байланысты аптасына бес күн жұмыс істейтіндер  қатарынан 3 күн демалады: 4,5 шілде – әдеттегі демалыс күні.

Ал алты күн жұмыс істейтіндер үшін 4 шілде әдеттегідей жұмыс күні болып қала береді, осылайша жексенбі және дүйсенбі демалады.

Сондай-ақ оқыңыз