Жұманғарин сән-салтанат салығы ел бюджетіне қалай әсер ететінін айтты

Қазақстанда қымбат автокөліктер мен яхталарға салық енгізілгенмен ол бюджетке айтарлықтай қаражат түсірмейді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
Сән-салтанат салығы 2026 жылдың қорытындысы бойынша есептеліп 2027 жылдан бастап күшіне енеді. Алайда жаңа салық енгізілгеннен кейін ел бюджетіне қомақты қаражат түседі деп күтілмейді.
«Қымбат көліктерге, алкогольге, яхталар мен темекілерге келетін болсақ бюджетке қандай да бір қомақты қаржы түседі деп күтпейміз», – деді ол Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі брифингте.
Бұл жаңа ережелер халық арасындағы әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету үшін енгізіліп жатыр.
Айтуынша, қаражат ауқатты азаматтардан алынып, өз бетінше табыс таба алмайтын халықтың әлеуметтік осал топтарының игілігіне қайта бөлінеді.
Бұған дейін Kursiv.media сән-салтанат салығын кімдер төлейтінін және ол қалай есептелетіні туралы материал дайындаған еді.