Әскерге шақыру жаңа форматта ұйымдастырылуы мүмкін

Енді әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату жаңа форматта ұйымдастырылады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында айтты.
«Әскер қатарындағы қызмет шынайы патриоттарды тәрбиелейтін маңызды, тіпті, басты мектепке айналғаны жөн. Дәл осы себепті әскери дәстүрлерді «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» қағидатына сай жаңғырту жөніндегі бастамаға қолдау білдірдім. Бұдан былай әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату секілді үш кезең мемлекеттік протокол тәжірибесіне сәйкес жаңа форматта, ерекше салтанатпен ұйымдастырылады. Мұндай есте қаларлық рәсімдер аталған іс-шаралардың мән-маңызын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады», – деді президент.
Айтуынша, Қарулы күштер сапында борышын өтеген әр азамат көпшілік құрметіне бөленуі керек.
«Соғыс өрті тұтанып, әскери қақтығыстар ушыққан, мемлекеттер санкциядан көз ашпаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі ахуалды алдын ала болжау барған сайын қиындап барады. Осындай кезде ел келешегіне енжар қараудың салдары кейін өзімізге ауыр тиюі мүмкін», – деді мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Қарулы күштерінің әскери бөлімдеріне Voenmart пилоттық жобасы енгізіліп жатыр. Бұл платформа арқылы әскери қызметшілер қажетті тауарлар мен дайын тағамдарға тапсырыс бере алады.