Ресми табысы жоқтарға қай банк ипотека береді

Жарияланды 29 Маусым 2026 11:15

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Қазақстанда ресми табысын растамай-ақ ипотека алуға бола ма / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресми жалақысы мен зейнетақы аударымдары жоқ қазақстандықтар да белгілі бір талаптар орындалған жағдайда ипотека рәсімдей алады. Мұндай несиені қай банктер береді, оған қандай талаптар қойылады және 2027 жылдан бастап қандай өзгерістер енгізіледі? Бұл сұрақтарға Krisha.kz мамандары жауап берді.

Ресми табыс міндетті ме

Көптеген банк үшін ипотека рәсімдеуде ресми табыстың болуы негізгі талаптардың бірі болып қала береді.

Әдетте банктер мынадай көрсеткіштерді тексереді:

  • соңғы алты айдағы зейнетақы аударымдары;
  • ресми жалақы мөлшері;
  • несие тарихы;
  • қолданыстағы несиелік жүктеме.

Соған қарамастан кейбір банктер табысын ресми анықтамамен растай алмайтын клиенттердің өтініштерін де қарастыруға дайын.

Табысын растай алмайтын азаматтарға қандай банк ипотека береді

Altyn Bank

Бұл банк ресми табысын растай алмайтын азаматтардың да ипотекаға өтінімін қарастырады.

Шарттары:

  • бастапқы жарна – 50%-дан бастап;
  • пайыздық мөлшерлеме – 18%-дан бастап.

Bereke Bank

Бұл банкте төлем қабілетін жанама құжаттар арқылы растауға болады.

Табыс туралы анықтаманың орнына банк мына құжаттарды қабылдауы мүмкін:

  • банк шоттары бойынша үзінді көшірме;
  • банк карталары бойынша ақша айналымы туралы мәлімет;
  • жылжымайтын мүлікті жалға беруден түсетін табысты растайтын құжаттар.

Шарттары:

  • бастапқы жарна – 20%-дан бастап;
  • пайыздық мөлшерлеме – 21,7%-дан бастап.

Банк ЦентрКредит

Бұл банкте «Депозит-кепілдік» бағдарламасы арқылы табыс туралы анықтамасыз ипотека рәсімдеуге болады.

Ол үшін депозитте баспана құнының кемінде 50%-ына тең сома болуы қажет.

Қай банк ресми табысты міндетті түрде талап етеді

Ресми табысты растау мына банктерде міндетті:

  • Halyk Bank;
  • Freedom Bank Kazakhstan;
  • Нұрбанк.

Отбасы банк қандай талап қояды

Отбасы банкі ипотека рәсімдеу кезінде табысты тексерудің стандартты тәртібін қолданады.

Алайда кейбір салымшылар банктің төлем қабілетін бағалауынан өтпей-ақ несие ала алады. Ол үшін:

  • банкте кемінде үш жыл қаражат жинақтауы;
  • бағалау көрсеткіші 16-дан кем емес болуы керек.

Нені ескерген жөн

Банк табыс туралы ресми анықтаманы талап етпесе де, ипотеканың міндетті түрде мақұлданатынын білдірмейді. Әрбір өтінім жеке қаралады. Банк шешім қабылдау кезінде бастапқы жарна мөлшерін, несие тарихын, балама табыс көздерін растайтын құжаттарды және қарыз алушының жалпы қаржылық жүктемесін ескереді.

1 шілдеден бастап ережелер өзгере ме

Ұлттық Банк пенмен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап ипотекалық қарыз алушылар үшін жаңа шектеулер енгізілмейтінін мәлімдеді.

Бұған дейінгі тәртіп сақталады. Яғни борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) қолданыста қалады. Оған сәйкес, қарыз алушының барлық несиесі бойынша ай сайынғы төлемдері оның табысының 50%-ынан аспауға тиіс.

2027 жылдан бастап не өзгереді

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыздың кіріске қатысты борыш коэффициентін (КБК) енгізу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш ай сайынғы төлем көлемін ғана емес, қарыз алушының жалпы берешек мөлшерін де ескеретін болады.

Сонымен қатар жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) ең жоғары шегі өзгереді:

  • бастапқы жарна 30% болған жағдайда – 20%-ға дейін;
  • бастапқы жарна 20% болған жағдайда – 25%-ға дейін.
Сондай-ақ оқыңыз