Елдің кей өңірлерінде 42 градусқа дейін аптап ыстық сақталып тұр

«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес 28 маусымда Қазақстанда найзағай ойнап, бұршақ жауады және дауыл тұрады. Кей өңірлерде аптап ыстық болады.
Елдің батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында нөсер жаңбыр жауады. Республика бойынша жел күшейеді, ал солтүстік пен шығыста түнде және таңертең тұман түседі.
Күндіз Алматы, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Абай облыстарында 35-38 градус, Түркістан облысында 40-42 градус аптап ыстық күтіледі. Жетісу облысының солтүстігінде де күндіз өте қатты ыстық болып, термометр бағаны 40 градусқа дейін көтеріледі.
Сонымен қатар елдің басым бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталып тұр. Оның ішінде Маңғыстау, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай облыстарында, Шығыс Қазақстанның шығысында, Павлодардың батысы, оңтүстік-шығысы мен орталығында, Ақтөбенің батысы, оңтүстігі мен орталығында жоғары өрт қаупі бар.
Атыраудың солтүстігінде, Ақмоланың батысы мен оңтүстігінде, Солтүстік Қазақстанның оңтүстігі мен шығысында, Жамбылдың солтүстігі мен шығысында, Түркістанның батысы, солтүстігі, оңтүстігі мен таулы аудандарында, Қызылорданың орталығында және Жетісу облысының оңтүстігінде өрт қаупі жоғары.
Айта кетейік, шілдеде Алматы мен Астанада ауа райы қандай болатынын жазған едік.