Аптап ыстық пен нөсер жаңбыр: 29 маусымда ауа райы қандай болады

«Қазгидромет» Қазақстан аумағы бойынша 29 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады.
Болжамға сәйкес, дүйсенбі күні Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауыл тұрады. Батыс, солтүстік-батыс, солтүстік және орталық аймақтарда нөсер жаңбыр жауады.
Сондай-ақ республика бойынша желдің күшеюі, оңтүстікте шаңды дауыл, ал елдің солтүстік-батысында түнде және таңертең тұман түсуі болжанады.
Күндіз Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Абай облыстарында және Қарағанды облысының орталығында +35…+38°C аптап ыстық күтіледі.
Сонымен қатар Жетісу облысының солтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстік-шығысында, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарының оңтүстігінде күндіз +40…+41°C өте қатты ыстық болады деп болжануда.
Ал бүгін синоптиктер елде найзағай ойнап дауыл соғатынын болжаған еді. Кей өңірлерде аптап ыстық болады деп ескертті.