Венесуэла: зілзаладан қаза тапқандар саны 1500-ге жақындады

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Венесуэлада зілзаладан қираған үй
Ла-Гуайра қаласы зілзаладан қатты зардап шекті / фото: REUTERS/Maxwell Briceno

25 маусымда Венесуэлада болған жойқын зілзаладан кем дегенде 1450 адам қаза тапты. Ұлттық ассамблея төрағасы Хорхе Родригес 28 маусым, жексенбідегі телеүндеуінде осындай мәлімет келтірді.

Парламент спикерінің айтуынша, қуаты 7,5 балға дейін жеткен жер сілкінісінен 3150 адам жараланды.

«Қазір адамдардың өмірін сақтап қалу үшін ең шешуші сәт», – деп мәлімдеді Родригес. Оның сөздерін CNN телеарнасы таратты.

Хорхе ел президенті міндетін атқарып жүрген Дельси Родригестің бауыры. Оның айтуынша, зілзаладан 12,7 мың адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Елде 774 ғимарат зақымданды немесе қирады. Олардың арасында аурухана ғимараттары да бар.

Парламент өкілі халықаралық қауымдастық көмегіне алғыс айтты. Оның айтуынша, 2624 құтқарушы мен адам іздейтін иттер шетелден келген.

Reuters агенттігі зілзала құрбандары санының күрт артуын қатты қираған Ла-Гуайра қаласына халықаралық құтқарушылар тобының жетуімен байланыстырып отыр. Ел астанасы Каракастан 40 шақырым жерде, теңіз жағалауында орналасқан штатта ондаған үй қирап қалған.

Естеріңізге сала кетейік, 25 маусымда таңертең Латын Америкасындағы Венесуэлада екі жойқын зілзала болды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жер сілкінісінен зардап шеккен елдің халқына көңіл айтты.

Сондай-ақ оқыңыз