АҚШ пен Иран бір-біріне соққы жасамауға тағы келісті

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Иран астанасындағы үй қабырғасына салынған мурал
Тегерандағы мурал / фото: Majid Asgaripour/WANA via REUTERS

Иран мен Құрама Штаттар атысты доғарып, келіссөзді қайта жалғастыруға келісті. Америкалық бір шенеунік жексенбі күні Axios басылымына осылай деп мәлімдеген.

Оның айтуынша, келіссөздер сейсенбі күні Катарда жалғасады. Дипломатиялық байланыс өткен аптаның бейсенбісінде басталған қақтығыстардан кейін үзілген. Сол күні Иран зымыраны Ормұз бұғасындағы жүк кемесіне түскен.

АҚШ пен Иран 17 маусымдағы бейбіт келісім шарттарын бұзды деп бір-бірін айыптап отыр. Ал жексенбі күні таңертең Иран Кувейт пен Бахрейндегі америкалық базаларды дрондармен атқылаған. Соның алдында ғана президент Дональд Трамп соғысты доғару туралы келісім шарттарын орындамаса, Иран мемлекет болудан қалады деп қорқытқан.

Оның үстіне Израиль жексенбі күні Ливандағы «Хезболла» содырларына тағы соққы жасағанын мәлімдеді. Осы ұйымға Иран қолдау көрсетіп отыр. Тегеран бейбіт келіссөздер жалғассын десе Тель-Авив Ливанға шабуылдауды доғаруы тиіс деп отыр.

Ирандағы соғыс 2026 жылғы 28 ақпанда басталды. Сол күні АҚШ пен Израиль күштері осы елдің бірнеше қаласындағы нысандарына шабуылдады. Артынша Иран Таяу Шығыс елдерінде америкалық әскери базалар мен Израильге соққы берді.

Сондай-ақ оқыңыз