250 киіз үй, 2 тонна қымыз: Қарқараға бір күнде 35 мыңнан аса адам жиналды (фото)

Алматы облысының Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық – 2026» халықаралық мәдени-спорт фестивалі өтті.
Оған Қазақстанның барлық өңірінен және Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Қарақалпақстаннан келген қонақтарды қосқанда 35 мыңға жуық адам қатысты.

Биыл бесінші рет ұйымдастырылған фестиваль алғаш рет республикалық мәдени іс-шаралар күнтізбесіне енгізіліп, қазақтың биі әрі ойшылы Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналды.
Мың жылқы шеруі
Фестивальдің басты ерекшелігі – Қарқара жайлауында алғаш рет мың жылқы шеруі өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымдағы жылқы шеруі Қазақстанда бұрын-соңды болмаған.

Сонымен қатар аламан бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қазақ күресі және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.
Аламан бәйгенің жеңімпазы Jetour X70 FL Prestige автокөлігін иеленсе, екінші орынға – 2,5 млн теңге, үшінші орынға 1 млн теңге берілді.

250 киіз үй, 2 тонна қымыз
Фестиваль аясында Қарқара жайлауында 250 киіз үй тігіліп, қонақтарға 2 тонна қымыз ұсынылды. Қолөнер көрмелері, этноауыл, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі және гала-концерт ұйымдастырылды.

Туризмді дамытуға серпін
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, фестиваль өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Оның мәліметінше, өткен жылы Көлсай көлдері ұлттық паркіне 600 мыңға жуық турист келсе, жалпы Алматы облысына келген туристер саны 2,5 миллионнан асқан.

Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев фестивальге келушілер саны алғашқы жылмен салыстырғанда шамамен 10 есеге артқанын айтты. Оның сөзінше, шараны ұйымдастыруға 250-ден астам кәсіпкер атсалысқан. Ал аудандық бюджеттен 15 млн теңге бөлінген.

«Қымызмұрындық» – туризм, спорт және ұлттық өнердің басын қосқан халықтық мерекеге айналып келеді.