2027 жылға қарай жаңа пәтерлер қымбаттай ма

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Сарапщылар баспана бағасы арзандайды дейді / Фото: kursiv.media архиві

Осы уақытқа дейін Алматыдағы жаңа салынған үйлердің бағасы ескі үйлермен салыстырғанда арзан болып келсе, қазір екеуінің құны теңесті. Жылжымайтын мүлік маманы Диляра Сейітнұрованың айтуынша, бұған құрылыс компанияларына қосылған құн салығының (ҚҚС) енгізілуі себеп болды. Осы салық қазірден бастап жаңа тұрғын үй кешендерінің бастапқы бағасына қосылып жатыр. Соның салдарынан 2027 жылы жаңа үйлер ескі үйлерден қымбаттап кетуі мүмкін.

Сонымен қатар нарықта жалпы сауда көлемі төмендеп келеді. Оған мынадай факторлар әсер етіп жатыр:

  • Халықтың нақты табысы азайды;
  • Банктердің қарыз алушыларға қоятын талаптары қатаң;
  • Коммерциялық ипотека қымбат;
  • Зейнетақы қорынан ақша алу мүмкіндігінің шектелді.

Ал қаржыгер Сұлтан Елемесов қазіргі бағаны тым асыра бағаланған деп есептейді. Ол өзінің пәтерін 37 млн теңгеге сатып жіберіп, бағаның арзандағанын күтіп отыр. Сарапшы бұл болжамын алғаш рет 2025 жылдың қарашасында айтқан.

Сарапшы қазір пәтер тиімді инвестициялық құрал, табыс көзі боллмай қалды деген пікірде. Өйткені құны 37 млн теңге тұратын пәтер айына 300 мың теңге, яғни жылына 3,6 млн теңге пайда әкеледі. Бұл – жылдық 9,7% табыс. Ал елдегі инфляция 13%-дың маңында, депозиттердің сыйақысы 15%-дан басталады. Яғни пәтерді жалға берудан түсетін табысты инфляция жеп қояды.

Сарапшының айтуынша, қазір нарық экономикалық факторлардың емес, адамдардың «баға өсе береді» деген үмітінің есебінен нық тұр. Көпшілік үйді кейін қымбатқа қайта сату үшін алып жатыр. Сондай-ақ арзан ипотека мен «Отбасы банктің» мемлекеттік бағдарламалары сұранысты ұстап, бағаның құлдырауына жол бермейді.

Десе де, Елемесов баға күрт құламайды деп есептейді. Ол баға жаңа жылдан кейін, адамдар ипотеканың нақты жүктемесін сезінген кезде реттеледі дейді.

Коммерциялық ипотеканың шекті мөлшерлемесін 20%-ға дейін төмендету мерзімі 2027 жылға шегерілді. Бұған дейін осы норма 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуге тиіс еді. 

Сондай-ақ оқыңыз