Әкімшілік рақымшылық: қазақстандықтардың 300 млн теңгеге жуық айыппұлы кешіріледі

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
қазақстандықтардың 300 млн теңгеге жуық айыппұлы кешіріледі
Қазақстандықтардың 300 млн теңгеге жуық айыппұлы кешіріледі / фото: shutterstock

Әкімшілік рақымшылық аясында қазақстандықтардың 300 млн теңгеге жуық айыппұлы кешірілуі мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Амнистия Қазақстан азаматтарына, жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, сот орындаушыларына, адвокаттар мен заң кеңесшілеріне қатысты қолданылады. Ал заңды тұлғаларға, лауазымды тұлғаларға, қандастарға, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға әкімшілік рақымшылық қолданылмайды.

Сондай-ақ әкімшілік амнистия сот шешімімен салынған айыппұлдарға, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіргендерге жүрмейді.

Салық заңнамасын бұзған жауаптылар да рақымшылыққа ілінбейді. Ашып айтқанда, салық салынатын нысанды жасыру, салық төлеуден жалтару және салық міндеттемелерін төмендету сияқты әрекеттерге қатысты айыппұлдар кешірілмейді.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мұндай құқықбұзушылықтың ел экономикасына елеулі зиян келтіретінін атап өтті.

Ведомствоның алдын ала есебі бойынша, жаңа әкімшілік амнистия шамамен 2 370 адамды қамтып, жалпы 298,4 млн теңге айыппұлды кешіреді. Оның ішінде 448 жеке тұлға 72,7 млн теңге айыппұлдан, ал 1 930 жеке кәсіпкер 225,6 млн теңге айыппұлдан босатылады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің айтуынша, қорытынды мәліметтер заң қабылданып, ресми түрде күшіне енгеннен кейін белгілі болады.

Бұған дейін ІІМ вице-министрі Санжар Әділов әкімшілік істерге рақымшылық жасау аясында 500 мыңнан астам азаматтың айыппұлы кешірілетінін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз