Қазақстан Грузиямен экономикалық серіктестікті жалғастыруға ниетті

Жарияланды
Грузия Премьер-министрі Қазақстанға келді
Грузия Премьер-министрі Қазақстанға келді / фото: Ақорда

29 маусымда Тәуелсіздік сарайында елімізге ресми сапармен келген Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе қарсы алу рәсімі өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе бір біріне делегация мүшелерін таныстырды.

фото: Ақорда

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Кобахидзеге ілтипат көрсетіп, аталған сапар қазақ-грузин серіктестігін нығайтуда өте маңызды екенін атап өтті.

«Бұл сапар табысты болатынына сенімдімін. Қазақстан Грузияны стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі дәстүрлі серіктесі ретінде қарастыратынын атап өткім келеді. Біз көптеген бағытта, соның ішінде экономикалық немесе гуманитарлық салаларда тығыз байланыс орнаттық. Мұндай ықпалдастық алдағы уақытта да жалғасуға тиіс деп ойлаймын. Мемлекет басшысы ретінде ынтымақтастығымыздың қарқынды дамып, нәтижелі болуына барлық күш-жігерімді жұмсаймын», – деді Мемлекет басшысы.

фото: Ақорда

Ираклий Кобахидзе Қазақстанға ресми сапармен келіп, жоғары деңгейде кездесу өткізуді өзіне зор мәртебе санайтынын айтты.

«Біз Грузия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән береміз. Серіктестігіміздің стратегиялық сипат алғаны қуантады. Ынтымақтастығымыздың негізгі мәні де осында. Алайда, Өзіңіз атап өткендей, жүзеге аспаған әлеуетіміз жетерлік. Сондықтан оны толық іске асыруға күш салуымыз керек», – деді Грузия Премьер-министрі.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев  Түркіменстанның бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедовты 69 жасқа толуымен құттықтаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз