Қазақстан Грузия экономикасына 500 млн доллардан астам инвестициялайды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Қазақстан Грузия экономикасына 500 млн доллардан астам инвестициялайды / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидземен келіссөздер жүргізді. Кездесудің басты тақырыбы экономикалық ынтымақтастықты дамыту болды, ал келіссөздердің нәтижесі – екі ел арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қою.

500 млн доллардан астам инвестиция

Қазақстан Грузияның ірі инвесторларының бірі болып қала береді. Тоқаевтың айтуынша, грузин экономикасына салынған қазақстандық инвестиция көлемі қазірдің өзінде 500 млн доллардан асқан.

«Сауда-инвестициялық өзара іс-қимыл қазақ-грузин қатынастарының негізі болып қала береді. Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, екіжақты тауар айналымының одан әрі өсу әлеуеті бар. Қазақстан Грузия экономикасына жарты миллиард доллардан астам инвестиция салды және бұрынғысынша осы елдің ең ірі инвесторларының қатарына кіреді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі елдің бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға және бизнес үшін жаңа өсу нүктелерін іздеуге ниетті екенін атап өтті.

Мұнай және Транскаспий маршруты

Тараптар энергетика және көлік саласына ерекше назар аударды. Қазақстан Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдау көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Астана мен Тбилиси Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамытуға уағдаласты. Соңғы бес жылда ол арқылы тасымалдау көлемі 3,5 есе өсті, ал 2026 жылға қарай маршруттағы контейнерлік пойыздар саны 3 мыңға жетуі тиіс.

Сондай-ақ. елдер логистикалық инфрақұрылымды кеңейтуге, контейнерлік тасымалды арттыруға және көлік саласын цифрландыруды жеделдетуге ниетті.

Қазақстан грузин порттарына қызығады

Батуми портынан бөлек, Қазақстан Грузияның басқа да порт аймақтарында өз қатысуын кеңейту мүмкіндігін қарастыруда. Өткен жылы қазақстандық инвесторлардың қатысуымен Потиде жаңа мультимодалды терминал жұмысын бастады. Тараптар Анаклия портын дамытуды тағы бір перспективалы жоба ретінде атайды.

Цифрландыру мен жасанды интеллектке бәс тігу

Ынтымақтастықтың жаңа бағыттарының бірі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект болуы мүмкін. Қазақстан мен Грузия цифрлық үкімет, онлайн-мемлекеттік қызметтер және GovTech-шешімдер саласында тәжірибе алмасуға келісті.

Сонымен қатар, Қазақстан грузиндік стартаптар мен технологиялық компаниялардың Astana Hub бағдарламаларына қатысуын қолдауға дайын.

Туризм және мәдениет

Келіссөздер барысында тараптар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты да талқылады. Тоқаев Грузия қазақстандық туристер үшін ең танымал шетелдік бағыттардың бірі болып қала беретінін, ал Қазақстан Грузиядан келетін қонақтар санын арттыруға мүдделі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Қазақстан мен Грузияның өзара Мәдениет күндерін өткізуді ұсынды.

Кобахидзе өз кезегінде Тоқаевқа қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады.

«Сондай-ақ, Қазақстанмен түрлі деңгейдегі, мейлі ол саяси диалог болсын, мейлі институционалдық және үкіметтік деңгейдегі алмасулар болсын, тығыз ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймыз. Осының бәрі біздің қарым-қатынасымызды ілгерілетуге ықпал етеді», – деді Ираклий Кобахидзе.

Еске сала кетейік, қарсаңында Қазақстан президенті мен Грузия премьері тар құрамда келіссөздер жүргізіп, елдер арасындағы қарым-қатынастар енді стратегиялық мәртебеге өтетінін мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз