Тоқаев Кобахидзені «Достық» орденімен марапаттады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзені екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Марапаттау рәсімінде мемлекет басшысы Ираклий Кобахидзені Қазақстанның досы, көреген көшбасшы және өз ісіне берілген мемлекеттік қайраткер деп атады.
«Грузия бұдан былай да орнықты даму жолымен алға басып, қуатты әрі өркендеген ел ретінде жаңа белестерді бағындыра беретініне сенімдімін», – деді президент.
Тоқаев сондай-ақ Қазақстан мен Грузия арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті, оның айтуынша, бұл қатынастар терең тарихи байланыстарға, ортақ мәдени құндылықтарға және халықтардың көпжылдық достығына негізделген.
Мемлекет басшысы грузин қауымдастығы Қазақстанның көпұлтты қоғамының маңызды бөлігі болып саналатынын және екі ел арасындағы алтын көпір қызметін атқаратынын атап өтті.
«Соңғы жылдары екіжақты қарым-қатынастар жаңа серпін алды: саяси диалог белсендірілді, өзара сауда тұрақты түрде өсіп келеді, ал экономикалық ынтымақтастық ең алуан түрлі секторларда кеңеюін жалғастыруда. Қазақстан мен Грузия әлемдік аренада тиімді өзара іс-қимыл жасап, негізгі халықаралық мәселелер бойынша бір-бірін дәйекті түрде қолдап келеді», – деді президент.
Грузия премьер-министрі өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа оның қызметін жоғары бағалағаны және көрсетілген құрмет үшін алғыс айтты.
Осыған дейін Қазақстан президенті мен Грузия Премьері келіссөздер жүргізіп, елдер арасындағы қарым-қатынастар енді стратегиялық мәртебеге өтетінін мәлімдеген еді. Сондай-ақ транскаспий маршрутын күшейту, Қазақстанның грузин порттарында – Поти, Анаклия, Батумиде болуы туралы сөз қозғалды.