Елордада Астана күніне орай 200-ден астам ауқымды іс-шара өтеді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Астана
Елордада Астана күніне орай 200-ден астам ауқымды іс-шара өтеді / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Астана биылғы қала күнін ерекше ауқымда атап өтуге дайындалып жатыр. Елорда әкімдігінің хабарлауынша, мереке аясында ашық аспан астындағы концерттерді, фестивальдерді, спорттық жарыстарды, театр премьералары мен отбасылық бағдарламаларды қамтитын 200-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылады.

Мерекелік бағдарлама шілденің алғашқы күндерінен бастап қыза түспек. Мәселен, 2 шілдеде «Байрағы биік байтағым» мүшәйрасының жеңімпаздары анықталып, Бейбітшілік және келісім саябағында «Taza Fest Astana» эко-фестивалі өтеді. Ал 3 шілдеде Оқушылар сарайында жас фотографтардың көрмесі мен «Ел жүрегі – Астана!» атты жастардың open-air фестивалі жалауын желбіретеді.

Отбасылық құндылықтар мен театр премьералары

Отбасылық құндылықтар мен шығармашылыққа бағытталған шаралар да назардан тыс қалмады. Шілденің 3-і күні Ұлттық музейде «Менің Астанам – менің отбасым» байқауының жеңімпаздары марапатталса, Экохабта қоқыстан бұйым жасаудан «Екінші өмір» жарысы ұйымдастырылады. Сондай-ақ бүлдіршіндер үшін «Кішкентай құрылысшылар – үлкен Астана» атты арнайы фестиваль жоспарланған.

Театр сүйер қауым пен өнер жанашырлары үшін де тамаша тартулар әзірленген. Е.Рахмадиев атындағы филармонияда «ALEM» заманауи балетінің «Астана, мен сені сүйемін» атты премьерасы өтсе, Қазақ ұлттық өнер университетінің амфитеатрында «Алтын домбыра» мектебінің концерті ұйымдастырылады. Бұған қоса, 4-6 шілде аралығында Астана циркінде мерекелік бағдарламалар көрсетіледі.

Бұқаралық және көше спорты

Спорт әуесқойлары үшін шілденің 4-і мен 5-і күндері қызу жарыстарға толы болмақ. Орталық саябақта 6-15 жас аралығындағы балаларға арналған «Kids Run» өтсе, Sana Sport кешені жанында скейтбординг пен BMX-тен «Urban Fest» көше спорты фестивалі ұйымдастырылады. Ал ересектер Ырыскелді қажы мешіті жағалауындағы «SARYARQA RUN» бұқаралық жүгіруіне қатыса алады.

Ұлттық өнер мен домбыра күні

5 шілдеде елорда аспаны дәстүрлі әуенмен тербеледі. Бейбітшілік және келісім сарайында еліміздің белгілі дәстүрлі орындаушыларының қатысуымен «Асыл мұра» концерті өтсе, қалалық Амфитеатрда Ұлттық домбыра күніне арналған ауқымды мультимедиялық шоу, шеберлік сабақтары мен ашық аспан астындағы кино көрсетілімі көрерменге жол тартады.

Мерекенің шарықтау шегі мен Open Air концерттер

Мерекенің шарықтау шегі – 5-6 шілде күндері Астана көшелері үлкен театр сахнасына айналып, қалалық перформанс фестивалі өтеді. Ал басты мереке күні елорданың тұрғын алаптарында қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, кешке қарай «Қазақ елі» монументі мен «Астана Арена» стадионы маңында ең ауқымды Open Air концерттері басталады.

Мерекелік думан шілденің 7-8-і күндері де жалғасын табады. Бейбітшілік және келісім сарайында «Жайдарман» жастар фестивалі көрерменге күлкі сыйласа, Амфитеатрда «Астана – арман қала» эстрадалық вокал кеші өтеді. Әдебиет сүйер қауым үшін Ұлттық академиялық кітапханада «Қаламгер ұстаханасы» әдеби алаңы ұйымдастырылып, композитор Бауыржан Мақаевтың «Самғау» атты музыкалық кеші ұсынылады.

Гастрономиялық фестиваль мен жұлдыздар концерті

Шаралар легі шілденің ортасына дейін созылады. Нақтырақ айтсақ, 11-12 шілдеде «Қазанат» ипподромында Қазақстан, Қырғызстан және Ресей өндірушілерінің қатысуымен «BaiQymyz» халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді. Сондай-ақ Төреғали Төреәлі, Мақпал Жүнісова секілді танымал жұлдыздардың жеке концерттері мен «Астана Опера» театрында халықаралық фестивальдер жоспарланған.

Қала инфрақұрылымы мен жаңа нысандар

Мәдени шаралардан бөлек, Астана күніне орай қала тұрғындарына инфрақұрылымдық сыйлықтар әзірленді. Мереке күндері елорданың барлық ауданында 25-тен астам жаңа аула мен қоғамдық кеңістік пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Индустриялық паркте жаңа өндіріс орындары іске қосылып, қалада қосымша жұмыс орындары ашылмақ.

Сондай-ақ оқыңыз