Құлыбаевқа тиесілі холдинг Қазақстан қор биржасынан кетеді

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Миллиардер Тимур Құлыбаевқа тиесілі Joint Resources холдингі Қазақстан қор биржасынан (KASE) кететінін мәлімдеді. Компанияның бағалы қағаздарын биржа тізімінен ерікті түрде шығару (делистинг) туралы шешімді оның жалғыз акционері қабылдаған.

«Joint Resources» холдингі энергетика, тау-кен өндірісі және мұнай шығару салаларындағы ірі активтерді бақылап отыр. Холдинг Ақшабұлақ кен орнында электр энергиясын сату және көмірсутек шикізатын өндірумен айналысатын «Кристалл Менеджмент» компаниясының 51% акциясына иелік етеді.

Сондай-ақ оның еншісінде «Premier Development Company» кәсіпорнының 50% үлесі бар, ал бұл құрылым өз кезегінде «Майкубен-Вест» көмір өндіруші компаниясының 100% акциясын толық бақылайды.

Бұған қоса, холдинг «Каспий мұнай» мұнай өндіруші компаниясының 100% акциясының жалғыз иегері. Тізімді тау-кен өндірісін технологиялық жобалау және пайдаланумен айналысатын «Kundybai Mining» кәсіпорнының 80% акциясына иелік ететін «Kazakhstan’s mineral resource investment company» компаниясындағы 35% үлесі толықтырады. Осы негізгі активтерден бөлек, тағы бірқатар компанияларда үлесі бар.

Айта кетерлігі, бұл Тимур Құлыбаевтың иелігіндегі жария компаниялардың биржа нарығымен алғаш қоштасуы емес. 2023 жылы кәсіпкердің бақылауындағы «Каспий мұнай» АҚ-ы Astana International Exchange (AIX) биржасының тізімінен шығарылған еді.

Тимур мен Динара Құлыбаевтар Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімінің үшінші сатысында тұр. Олардың әрқайсысының дәулеті 5,4 млрд долларға тең. Басты активі – Қазақстандағы ең ірі қаржы институты Halyk Bank. Банктің таза пайдасы бір жылда 15%-ға өсіп, 1,06 трлн теңгеге жетті.

Құлыбаевтар тек банк емес, мұнай («Каспий нефть»), ритейл (Viled), медицина (Emdeu) және коммерциялық жылжымайтын мүлік (Mercury Properties) салаларын да сәтті басқарып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз