«Көшедегі QR-кодтардан сақ болыңыз»: полиция тұрғындарға ескерту жасады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Полиция көшедегі күмәнді QR-кодтардан сақ болуды ескертті
Полиция көшедегі күмәнді QR-кодтардан сақ болуды ескертті / фото: shutterstock

Полиция қызметкерлері көшеде, аялдамаларда, подъездерде немесе жарнама тақтайшаларындағы QR-кодтардан сақ болуды ескертті. Қандай да бір QR-кодтарды сканерлемес бұрын оның қауіпсіз екеніне көз жеткізу керек.

Полицияның айтуынша, алаяқтар дәл осы схеманы пайдаланып, азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін қолданып жүр.

«Көшеде, аялдамаларда, подъездерде немесе жарнама ілуге арналған тақтайшаларда орналасқан QR-кодтарды сканерлемес бұрын олардың қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз. Себебі қылмыскерлер түпнұсқа кодтың орнына өздерінің жалған QR-кодын жапсырып, адамдарды қауіпті сайттарға бағыттауы мүмкін», – деп ескертті полиция.

Мұндай сілтемелердің мақсаты әртүрлі болуы мүмкін. Сіздің жеке мәліметтеріңізді немесе банк карталарының деректерін алуға тырысады. Көп жағдайда азаматтар төлемді дұрыс жасадым деп ойлағанымен, қаражат алаяқтардың есепшотына аударылып кетеді.

Күмәнді QR-кодтардың негізгі белгілері:

– QR-код басқа жарнаманың үстіне жапсырылған;

– Хабарландыруда ресми емес безендіру болуы мүмкін;

– «Сыйлық алыңыз», «Тек бүгін», «Жедел сканерлеңіз» сияқты асықтыратын мәтіндер жазылған;

– ұйымның атауы немесе байланыс деректері көрсетілмеген.

Егер күмәнді QR-кодты сканерлеп, жеке немесе қаржылық деректеріңізді енгізіп қойған болсаңыз, банкке дереу хабарласып, картаңызды бұғаттаңыз.

Айта кетейік, Мемлекеттік кірістер департаменті қазақстандықтарға кассада чекті қалдырмауға және оны қоқысқа тастамауға кеңес берді.

Сондай-ақ оқыңыз