Валерия Ким Freedom Holding-тің жаңа қаржы директоры болып тағайындалды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
 фото: freedomholdingcorp.com, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Freedom Holding қаржы директоры болып Валерий Ким тағайындалды. Бұған дейін ол Freedom Holding Corp. қаржы жөніндегі вице-президенті қызметін атқарған және холдингке қарасты Freedom Holding Operations LLP компаниясын басқарды.

Валерий Кимге дейін 2015 жылдан бері холдингтің қаржы директоры  Евгений Лер болған еді. Енді ол компаниядағы жұмысын бас директор Тимур Турловтың арнайы кеңесшісі ретінде жалғастырады. Сондай-ақ қаржы тарту, компанияларды қосу, бірігу (M&A) мәмілелерін қадағалайтын болады.

«Freedom жаңа қаржыландыру мүмкіндіктерін іздеуді және стратегиялық сатып алуларды жүзеге асыруды жалғастырып жатқан тұста Евгенийдің тәжірибесі компания үшін де, жеке өзім үшін де үлкен артықшылық болмақ. Ал Валерий – бұл лауазымға ең лайықты таңдау. Біздің қаржылық есеп, салық салу және қаржылық жоспарлау функцияларымызды іс жүзінде нөлден бастап құрып, оны дамыта білген Валерия компанияның Қазақстанда, бүкіл Еуропада және басқа да аймақтарда бизнесін одан әрі кеңейту барысында қаржы блогына жетекшілік етуге бірегей құзыретке ие. Бұл кадрлық шешім біздің командамыздағы сабақтастық пен сенімділікті көрсетеді», – деп атап өтті Freedom бас атқарушы директоры Тимур Турлов.

Валерий Ким 37 жаста. Ол 2020-2024 жылдар аралығында Freedom Finance Global PLC компаниясының қаржы директоры қызметін атқарған. Freedom Holding-ке келгенге дейін Ким де, Евгений Лер де Deloitte халықаралық компаниясында жұмыс істеген.

Freedom Holding Corp. – Тимур Турлов негізін қалаған халықаралық қаржы холдингі. Компания АҚШ-та тіркелген және NASDAQ биржасында FRHC тикерімен саудаланады. Холдинг 20-дан астам елде жұмыс істейді және брокерлік бизнес, банк, сақтандыру компаниялары, төлем сервистері мен тұтынушылық цифрлық өнімдерді біріктіретін экожүйені дамытып келеді.

Тағы да оқыңыз: Freedom Holding Corp. америкалық нарықтағы ауқымын кеңейтті

Сондай-ақ оқыңыз