Бұзақылық ісіндегі куә Әсет Матаевтан қалай таяқ жегенін айтып берді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
асет матаев
Фото: Kursiv.Media

Алматының Алмалы аудандық сотында «ҚазТАГ» басшылығына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 2026 жылдың 30 маусымында Әсет Матаев пен Уәлихан Рамазановқа қатысты «бұзақылық» әрекеті бойынша куә ретінде Ислам Амираджанов пен Арлан Айымбетовтен жауап алынды.

Намысыма тиіп, ұрды

Арлан Айымбетов соттағы жауабында 2026 жылдың 17 наурызынан 18 наурызына қараған түні досы Ислам Амираджановпен бірге жалға алынған көлікпен әпкесін алып кетуге барғанын айтты.

Оның сөзінше, сол кезде олардың көлігіне екі ер адам жақын келіп, мысқылдап,: «Бойжеткен, бұл жерге көлік қоюға болмайды» деген.

«Ар-намысыма тиді. Мен «Кімді қыз деп тұрсың?» деп айқайладым. Олар бұл сөзімді естіді», – дейді ол. Айтуынша, бұл сөзді Уәлихан Рамазанов жас жігітке қарата айтқан.

Осыдан кейін Ислам Амираджанов пен Арлан Айымбетов сотталушылар Әсет Матаев пен Уәлихан Рамазанов кеткен бағытқа қарай жол жүрген.

«Мен жүргізушіге қол бұлғадым, ол терезесін ашты. Сөзден сөз шығып, жанжал басталды. Мен есікті ішінен кілттеп үлгердім. Олар есікті жұлқылай бастады. Ол (Рамазанов – ред.) мені көліктен шығарып алмақ болды», – деді Арлан Айымбетов.

Куәнің айтуынша, осы кезде оның әпкесі көлік терезесін түсіріп, Матаев пен Рамазановтан көлік жанынан кетуін талап етіп айқайлаған.

Арлан Айымбетов бастапқыда олардың артынан тек «Ересек ер адамдардың мұндай реакция танытуына не себеп болды?» деген сұраққа жауап алғысы келгендіктен барған. Оның сөзінше, Матаев пен Рамазанов мас болған. Куәнің мәліметінше, Рамазанов оған қолын созып: «Кешір, бауырым», деп айтқан.

«Оның қолын алмақ болдым. Сол сәтте сол жағымнан Әсет Матаев соққы жасады. Келіп, мені ұрды. Мен де қолыма құрылғы (балонный ключ – ред.) алып, бұлғай бастадым. Содан төбелес басталды. Матаев жарақат алған кезде маған қарай келе жатып сүрінді. Алғашқы соққы жасалғанда мен Рамазановпен сөйлесіп тұрғанмын. Содан мені теуіп жіберді, мен құладым. Ол (Матаев – ред.) маған қарай келе жатқанда, Ислам мені қорғап қалды», – деді Арлан Айымбетов.

Оның айтуынша, Матаевпен жеке сөйлеспеген. Сол кезде көшеде басқа адамдар да болған.

«Біз жасөспірімбіз, олар – ересек ер адам»

Ал куә Ислам Амираджановтың айтуынша, жанжал 2026 жылдың 17 наурызынан 18 наурызына қараған түні басталған. Ислам досы Арлан Айымбетовпен бірге Алматыдағы «Достық Плаза» сауда ойын-сауық орталығы жанындағы тұрақта тұрған Toyota Camry көлігінде отырған. Сол кезде олардың көлігіне Рамазанов пен Матаев жақындаған. Куәнің сөзінше, екеуі де мас болған.

Куә Амираджановтың айтуынша, Рамазанов пен Матаевтың бірі жас жігіттерді қыз деп ойлап, «Бойжеткен, бұл такси емес пе?» деген.

Содан кейін екі ер адам таксиге отырып, кетіп қалған. Біраз уақыттан соң Амираджанов пен Айымбетовтің жанына екі қыз бен бір жігіт қосылған. Бәрі Toyota Camry көлігіне отырып, әрі қарай кетіп қалады.

Жолда бағдаршамға тоқтаған кезде жастар мінген көлік пен Матаев және Рамазанов отырған такси тағы кездесіп қалады. Амираджановтың айтуынша, олар екі ер адамның бұған дейін не демек болғанын сұрағысы келген. «Терезесін түсіруді сұрадық, не үшін олай айтқанын білгіміз келді», дейді Амираджанов.

Содан кейін екі жақ арасында жанжал шыққан. Артынша екі көлік жақын маңға тоқтаған.

Куәнің айтуынша, таксиден түскен екі ер адам жастар отырған көлікке келіп, сыртқа шығуды талап еткен және бірнеше рет есік тұтқасынан тартқан. Алайда көліктің есігі құлыптаулы болған.

«Біз қорықтық… Біз жасөспірім едік, ал олар – ересек адамдар», – деп түсіндірді Амираджанов.

Ер адамдар көлік жанынан алыстағаннан кейін жастар да сыртқа шыққан. Куәнің айтуынша, жалға алынған автокөлікке зақым келмеуі үшін олар сыртқа шығып, «мәселені сөйлесіп шешуді» ұйғарған. Әрі қарай жанжал бағдаршам маңында жалғасып, төбелес басталған.

Куәнің айтуынша, ол Айымбетовқа кемінде екі рет соққы жасалғанын көрген, содан кейін Айымбетов жерге құлаған.

Төбелес басталғаннан кейін оқиға орнына күзет қызметкерлері мен қауіпсіздік қызметінің өкілдері келген. Олар екі жақты ажыратып, полиция шақырған. Кейін барлығы полиция бөліміне жеткізілген.

Әсет Матаевқа тағылған айып

Айыптау актісіне сәйкес, 2026 жылдың 18 наурызына қараған түні «ҚазТАГ» агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен Уәлихан Рамазанов мас күйінде Алматыдағы «Достық Плаза» сауда ойын-сауық орталығының маңында төбелеске қатысқан.

Тергеу материалдарына сәйкес, Матаев пен Рамазанов Toyota Camry автокөлігінде отырған екі жас жігітпен сөзге келіп, олардың бірін «қыз» деп келемеждеп, балағаттаған әрі көлігіне зақым келтірген. Артынан жанжал топтық төбелеске ұласып, Матаев пен Рамазанов жәбірленушілердің басы мен денесінен ұрған.

Оқиға болған кезде Әсет Матаев жалған ақпарат тарату ісі бойынша ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген. 2026 жылдың 20 наурызында Алматы қаласының мамандандырылған тергеу соты оған Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («Бұзақылық») бойынша екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. 30 наурызда бұл шара үйқамаққа ауыстырылды.

Айта кетейік, 2025 жылдың көктемінде «ҚазТАГ» агенттігі «Фридом Финанс» брокерлік компаниясы мен оның негізін қалаушы Тимур Турловқа қарсы ақпараттық науқан бастады. Басылым компанияны алаяқтық жасады, қаражатты офшорларға шығарды және қаржы пирамидасын құрды деп айыптаған 250-ден астам материал жариялады. Бұл материалдарға инвестор Жанна Капарованың компанияның бұрынғы қызметкері Темірлан Бековтің әрекеті салдарынан қаражатынан айырылғаны туралы шағымы негіз болған.

Алайда Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Бековке қатысты қылмыстық істі толық тоқтатты. Тергеу барысында Капарованың шотына қатысты ақпаратты Бековке өз еркімен бергені, мәмілелерді SMS-код арқылы өзі растағаны және пайдадан 20 пайыз төлеуге келіскені, сол арқылы компанияның ішкі регламенттерін өрескел бұзғаны анықталған.

«Фридом Финанс» 2026 жылдың ақпанында азаматтық сотта жеңіске жетіп, сот «ҚазТАГ» жариялаған мәліметтерді жалған деп танып, оларды теріске шығаруды міндеттеді.

Сондай-ақ оқыңыз