Уимблдон кортына кимономен шыққан Наоми Осака жанкүйерлерді тәнті етті

Даңқты жапон теннисшісі Наоми Осака Үлкен дулыға санатындағы кезекті турнирде ерекше киім үлгісімен көпшілікті тағы таңқалдырды. Бұл жолы ол Уимблдон кортына ақ түсті кимоно киіп шықты.
Фэшн-ханшайым
Үлкен дулыға санатындағы ірі турнирлерде ерекше сән үлгісін көрсетуді әдетке айналдырған Наоми Осака жұртшылық назарын тағы да өзіне қаратты. Лондонда өтіп жатқан Уимблдон жарысының бірінші айналымына жапон теннисшісі ұлттық нақышта тігілген кең көйлекпен шықты.
Етек-жеңі ұзын кимономен кортта қозғалу оңай емес. Кең көйлектің астында теннис ойнауға ыңғайлы спорт киімі бар. Жарыс басталған уақытта теннисші сыртқы әдемі киімін шешіп қояды.
Осака Лондондағы турнирде алғашқы қарсыласын қиналмай ұтты. Ол француз қызы Эльза Жакмоны 6:1, 7:5 есебімен жеңіп, екінші кезеңге өтті. Кездесу небәрі 1 сағат 20 минутқа созылды. Дегенмен көпшілік жапон теннисшісінің ойынын емес, оның киімін көбірек сөз етіп жатыр.
Наоми әлемі
Наоми ірі теннис турнирлерін сән үлгісін көрсету орнына айналдырған. Фэшн-ханшайым атанған теннисші, мәселен, Роланд Гаррос турниріне алтын түстес ерекше киіммен шыққан.

Жыл басындағы Австралия ашық біріншілігіндегі кортқа Наоми етегі кең ақ шалбар, ақ вуалі бар үлкен шляпа киіп, қолшатыр ұстап шықты. Киім үлгісін Nike бренді танымал кутюрье Роберт Вунмен бірлесіп дайындаған.

Мельбурнде сенсацияға айналып үлгерген сән үлгісі су асты әлемі, соның ішінде медузадан шабыт алған. Наоми сыртқы киімін шешкенде, теңіз толқындарын елестететін көгілдір-жасыл түсті корт көйлегі көрінді.
«Мен сән үлгісін шығармашылық әлемімді көрсету, кортта ерекше тарихты баяндау үшін қолданғанды жақсы көремін», – дейді жапон теннисшісі.
28 жастағы Наоми Осака Үлкен дулыға турнирлерінің төрт дүркін чемпионы. Ол Австралия ашық біріншілігінде екі мәрте (2019, 2021), АҚШ ашық біріншілігінде екі мәрте (2018, 2020) жеңіске жетті.
Уимблдон турнирінде Елена Рыбакина мен Александр Бублик алғашқы кездесулерін 30 маусымда өткізеді.