Алматыда баланың жеке деректері заңсыз жолмен өзгеріп кеткен

Алматы тұрғыны ұлының жеке деректерінде әкесінің аты өзгеріп кеткенін байқаған соң сотқа жүгінген. Азаматтың талап арызы Алматының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
«Талап қоюшы С. «K» мобильді қосымшасынан баласының анкеталық деректері өзгертілгенін, ал «Әке» бағанында бөгде тұлға жазылғанын анықтаған. Құжаттарда мұндай өзгеріс сот шешімінен кейін енгізілгені көрсетілген», – делінген ақпаратта.
Алайда тексеру барысында соттың мұндай шешім шығармағаны анықталды.
«Құжатқа өзгерістер заңсыз және тиісті сот актісі жоқ екеніне қарамастан енгізілген», – деп хабарлады Алматы сотының баспасөз қызметі.
Осылайша сот актілерді тіркеу жазбаларына өзгерістер енгізу кезінде заңнама талаптары бұзылған деген қорытындыға келді. Нәтижесінде әке мен баланың құқығы қалпына келтіріліп, құжатқа әкесінің аты жазылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, елде мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды есепке алу қағидалары жаңартылды. Енді Қазақстан аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын 18 жасқа дейінгі балалар есепке алынады. Баланың тұрғылықты жері бойынша тіркеуінің бар-жоғына назар аударылмайды.