Тоқаев пен Путин Омбыда өтетін өңіраралық ынтымақтастық форум жайлы сөйлесті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтар екіжақты ықпалдастықтың барлық бағытына айтарлықтай серпін бергенін атап өтті.
Екі ел үкіметтері аталған келісімдерді дәйекті түрде жүзеге асырып жатыр.
Әңгімелесу барысында шілде айының соңында Омбы қаласында ұйымдастырылатын ХХІІ Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады. Президенттер жұмыс барысында тұрақты байланыста болуға келісті.
Еске сала кетейік, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин 27 мамырда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген еді. Сапар аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстардың қазіргі ахуалы және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.