Атыраудағы трагедия: Сұлтан мен Ақбаянның ажырасу себебі айтылды

Атырау сотында төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев ісі жалғасып жатыр. 2026 жылдың 30 маусымындағы сотта Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның не себепті ажырасқаны айтылды.
Қылмыстық істі қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина Махамбет ауданы сотының 2022 жылы шығарған шешімін оқып берді.
«…Жауапкерге (Сұлтан Сәрсемәлиевке – ред.) ешқандай сезімі қалмағанын, өзіне опасыздық жасаған әрекетінен жиіркенетінін, онымен ерлі-зайыпты болып тұрғысы келмейтінін, татуласуға берілген уақыт нәтиже бермегенін айтып, некені бұзу туралы талабын қабылдауды сұраған», делінген сот шешімінде.
Содан кейін екеуі сот шешімімен заңды түрде ажырасып кеткен.
Атыраудағы жұмбақ өлім
2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.
Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе бастапқыда отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылды. Ал оның әйелі (жоғалған отбасының кенжесі – ред.) Ақбаян Мұқанғалиеваға хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздеу жарияланды.
Содан кейін екеуінің де күдікті деп танылып, олар Индонезияда ұсталды.
Сұлтан Сәрсемәлиев ісі
Сұлтан Сәрсемәлиев соты 28 мамырда басталды. Ол қылмыстық кодекстің 13 бабында көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.
Айыптау актісіне сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев Атырау маңында 2025 жылдың мамырында қайтыс болған.
Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева жалдап тұрып жатқан үйде Сұлтан мен Наурыздың арасында жанжал туып, Сұлтан Наурызды пышақтаған. Мәйітін үйдің іргесінде қазған шұңқырға көміп, үйдегі қан ізін тазалап шыққан. Сондай-ақ Сұлтан Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевтің атынан 4 млн теңге несие рәсімдеген.
Ал ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиева 2025 жылдың 3 қарашасында қайтыс болған.