eGov бәрін біледі: енді қазақстандықтардың табысы мен шығыны бір жерде жинақталады

Қазақстанда әр отбасының әлеуметтік жағдайын нақты анықтау үшін жаңа жүйе енгізілмек. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазір отбасылардың әл-ауқатын бағалау әдістемесі жаңартылып, «Отбасының цифрлық картасы» жетілдіріліп жатыр.
Жобаның келесі кезеңі – «eGov Mobile» мобильді қосымшасында әрбір үйдің дербес цифрлық профилін қалыптастыру.
Яғни мұнда әр отбасының табысы ғана емес, нақты шығыны мен қарызы, төлейтін несиесі туралы мәліметтер де жинақталады. Ол үшін цифрлық жүйе Қаржы министрлігі, екінші деңгейлі банктер мен несие бюроларының деректер базасымен толық байланысады.
Министрдің сөзінше, мұндай қадам мемлекетке әрбір отбасының шынайы қаржы ахуалын анық көруге мүмкіндік береді.
Яғни цифрлық профильдер арқылы мемлекет қиын жағдайға тап болған немесе соның алдында тұрған отбасыларды ерте бастан анықтап, оларға атаулы әрі проактивті (өтініш білдіруін күтпестен) әлеуметтік көмек көрсететін болады.
Қазіргі кезде қазақстандықтар табысының жартысына жуығын азық-түлікке жұмсайды. Халықтың қолға алатын ақшасы орташа есеппен 374,3 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,7%-ға өскен.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те халықтың табысы мен несие алу қарқыны азайғанын айтқан.