Алматыда сел жүруіне байланысты 60-қа жуық үйге қауіп төніп тұр – әкімдік

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Алматыда сел қаупіне байланысты 60-қа жуық үйге қауіп төніп тұр - әкімдік
Фото: t.me/almatytoday; бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Алматының Наурызбай ауданында сел жүру қаупі салдарынан 60 тұрғын үйге қауіп төніп тұр. Бұл туралы аудан әкімдігі хабарлады.

Қауіп аймағында қалған үйлер Жандосов көшесінен жоғары орналасқан «Весна», «Эдельвейс», «Щедрость» және «Бодрость» бау-бақша серіктестіктерінде орналасқан.

Әкімдіктің мәліметінше, 1 шілде күні сағат 10:00-де Ақсай өзеніне мониторинг жүргізу барысында толассыз жауыннан тау беткейлерінен су аққаны анықталды.

Ал сағат 15:00-дегі жағдай бойынша, Ақсай бөгетінде судың асып-тасуы тіркелді. Мамандар мұны судың дамба немесе оның табанындағы грунт арқылы баяу жайылып ағуы деп түсіндірді.

Осыдан кейін қалада дабылды құрылғылар іске қосылды. Тұрғындар үшін қажет болған жағдайда уақытша орналасатын төрт қабылдау пункті дайындалды:

  • №186 жалпы білім беретін мектеп – Ақжар шағын ауданы, Байсұлтанов көшесі, 15;
  • №187 жалпы білім беретін мектеп – Таусамалы шағын ауданы, Санжар Жандосов көшесі, 2;
  • №188 мектеп-гимназиясы – Таусамалы шағын ауданы, Санжар Жандосов көшесі, 4;
  • №200 мектеп-гимназиясы – Шұғыла шағын ауданы, 345/3.

Төтенше жағдайлар департаменті пункттерге Ақсай өзенінің арнасы бойында тұратын азаматтар бара алатынын нақтылады.

Бұған дейін Алматы қаласының Наурызбай ауданында таулы аймақта сел жүру қаупіне байланысты тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сел қаупінің күшеюіне байланысты Ақсай өзенінің арнасы бойындағы аумақтан тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз