Көктемгі шақыру аяқталып, 21 мың азамат әскерге кетті

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Қорғаныс министрлігі

Көктемгі шақыру науқаны аяқталып, 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат әскерге шақырылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Оның ішінде 11 мыңнан астамы Қарулы күштердің қатарында мерзімді әскери қызметін өтейтін болса, 7 мыңнан астамы ІІМ Ұлттық ұланына барады. 2 мыңға жуығы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде, 400-ге тарта сарбаз Төтенше жағдайлар министрлігінде, ал 300 азамат Мемлекеттік күзет қызметінде борышын өтейді.

Министрлік дерегінше, әскерге шақыру туралы хабарламалар SMS-хабарлама және eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы жолданған. Ал әскерге шақыруды кейінге қалдыру, одан босату рәсімдері автоматты түрде іске асырылды.

Қызмет барысында сарбаздар жұмысшы мамандықтарын да тегін меңгеріп шыға алады. Бұған қоса, әскери міндетін өтеп жүрген азаматтардың банктер мен қаржы ұйымдарына төлейтін несиелері уақытша тоқтатылып, «несиелік демалыс» беріледі.

Әскери қызметін аяқтағандар үшін білім алу жағынан да жеңілдіктер қарастырылған: жауынгерлік дайындықта үздік шыққан сарбаздар жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсуге құқылы. Ал қалған азаматтар ҰБТ тапсырмай-ақ, ЖОО-лардың ақылы бөліміне тікелей қабылдана алады.

Жақында Тоқаев әскерге шақыру жаңа форматта ұйымдастырылатынын айтқан. Бұдан былай әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату секілді үш кезең мемлекеттік протокол тәжірибесіне сәйкес жаңа форматта, ерекше салтанатпен өтуі керек

Сондай-ақ оқыңыз