Қазақстанның мемлекеттік қағаздарына сырттан ақша көп келе бастады

Жарияланды 2 Шілде 2026 10:57

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Шетелдіктер мемлекттік бағалы қағаздарға көп ақша сала бастады / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Маусым айында шетелдік инвесторлар Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салған ақшасын көбейтті. Қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, бір айда олардың салымы 185,1 млрд теңгеге өсіп, жалпы көлемі 2,5 трлн теңгеге жетті.

Бұл нені білдіреді?

Шетелдік инвесторлар Қазақстанның қарыз нарығына әлі де қызығып отыр. Себебі теңгемен шығарылатын мемлекеттік қағаздардың табысы жоғары. Яғни инвесторлар үшін Қазақстанға ақша салып, пайыздық табыс алу тиімді болып тұр.

Жыл басынан бері нерезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға салған қаржысы 28,3%-ға артқан. Олардың нарықтағы үлесі де өсті: бұрын 6,2% болса, қазір 6,9%-ға жетті.

Мемлекеттік бағалы қағаз дегеніміз – Үкіметтің қарыз алу құралы. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет инвесторлардан ақша тартады, ал кейін оны пайызымен қайтарады. Мұндай қағаздарды банктер, зейнетақы қоры, жергілікті және шетелдік инвесторлар сатып алады.

Теңгені де нығайтуы мүмкін

Шетелдік инвесторлардың белсенділігіне теңгенің нығаюы да әсер етуі мүмкін. ҚҚҚ мәліметінше, шілденің алғашқы сауда күндерінде доллар бағамы 479,23 теңгеге дейін төмендеген. Яғни теңге долларға шаққанда күшейе түсті.

Нарықта долларға ұсыныс көп болған. Бұған Ұлттық банк, квазимемлекеттік компаниялар, экспорттаушылар және шетелдік инвесторлардың валюта сатуы ықпал етуі мүмкін.

Ал шілдеде Қаржы министрлігі 750 млрд теңгеге дейін мемлекеттік облигация шығаруды жоспарлап отыр. Бұл нарықта жаңа қағаздар көбейетінін және инвесторлар үшін таңдау арта түсетінін білдіреді.

Қысқасы, қаржыгерлердің айтуынша шетелдік инвесторлар Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына қайта белсендірек ақша сала бастады. Бұл теңге нарығына да, мемлекеттік қарыз нарығына да қолдау болуы мүмкін. Бірақ алдағы жағдай инфляцияға, теңге бағамына және Ұлттық банктің саясатына байланысты болады.

Тағы да оқыңыз: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бүгін AIX алаңында 1 жылдық облигация орналастырды.

Сондай-ақ оқыңыз