Дәріханаларда тегін берілуге тиіс 25 мыңнан астам дәрі қайта сатылған

Соңғы екі жылда науқастарға тегін берілу керек болған 25 мыңнан астам дәрі-дәрмек дәріханаларда заңсыз сатылып келген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай көлеңкелі схемаларды елде енгізілген таңбалау жүйесі автоматты түрде әшкерелеген.
Бүгінгі таңда шамамен 1 миллиард дәрілік препарат таңбаланды. Оның ішінде шамамен 604 миллионы импорттық дәрілік заттар, ал 400 миллионы отандық өндірушілердің өнімдері.
Сонымен қатар 457 миллионнан астам қаптама айналымнан шығарылып, түпкілікті тұтынушыларға өткізілді.
Таңбалау жүйесінің маңызы
Таңбалау жүйесін енгізудің маңызды нәтижелерінің бірі – күмәнді операцияларды автоматты түрде анықтау мүмкіндігі болды. Мәселен, жүйе тегін дәрілік қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттардың дәріханаларда қайта сатылуының 25 мыңнан астам жағдайын тіркеді.
Бұған дейін бұрын сатылған препараттарды қайта өткізу, қаптамаларды ауыстыру немесе жарамдылық мерзімін заңсыз өзгерту сияқты заңбұзушылықтар негізінен бақылау тексерістері барысында анықталатын.
Қазіргі таңда таңбалау жүйесі мұндай жағдайларды автоматты түрде тіркеп, жедел әрекет ету үшін ақпаратты уәкілетті мемлекеттік органдарға дереу жібереді.
Осылайша, Денсаулық сақтау министрлігі елдің фармацевтикалық нарығын үздіксіз онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін тиімді құралға ие болды
Бұған дейін Алматыда дәрілік заттарды заңсыз өндіріп сатқан 4 фармацевтикалық компания анықталған еді. Олар контрабандалық дәрілерді елдегі дәріханалар желісі арқылы сатып келген.