Ақсай өзені тасып, Жаңатұрмыста тоғыз үйдің адамы көшірілді

Алматы облысы Қарасай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Өйткені 2 шілдеде таңертең Ақсай өзені арнасынан асып, Жаңатұрмыс тұрғындарына қауіп төнді.
Бейсенбі күні таңертең сағат 06:50 шамасында Жаңатұрмыс маңындағы «Ақсай карьері» аумағында өзен жағалауын су шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақ сырғыды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жақын маңдағы тоғыз жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша қауіпсіз жерге көшірілді.
Қауіпсіздік жұмысына барлығы 19 қызметкер мен 14 техника жұмылдырылды. Сонымен бірге тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Қалыптасқан жағдайға байланысты Қарасай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Бұл шешім қажетті жұмыстарды жедел жүргізіп, тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Алматы облысының қалған аудандарында жағдай тұрақты«, – деп хабарлады облыс әкімдігі.
Жергілікті билік тұрғындарды сабыр сақтауға, уәкілетті органдардың ұсыныстарын орындауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, 2 шілдеге қараған түні Түрген өзені тасып, шатқалдағы демалыс орнынан 58 адам қауіпсіз жерге көшірілген.