1,4 млрд теңге жымқырған: Шымкентте екі колледждің құрылтайшысы сотталды

Шымкентте мемлекеттік білім беру гранттарымен айла-шарғы жасау арқылы шамамен 1,4 млрд теңге жымқыру ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
Айыпталушылар орындығына бес адам отырды:
- Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің және Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржылық колледжінің құрылтайшысы;
- ұйым директоры және сонымен бірге құрылтайшының туысы;
- екі бухгалтер;
- кадр бөлімінің басшысы.
Сот отырысы барысында олардың 2018 жылдың тамызынан 2025 жылдың 31 қаңтарына дейін бюджет қаражатын жымқырып келгені анықталды.
«Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржылық колледжі іс жүзінде білім беру қызметін жүзеге асырмаған, ал Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде ақылы бөлім студенттері жалған бұйрықтар негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқып жатқандар ретінде заңсыз есепке алынған. Қылмыстық ниетті жүзеге асыру мақсатында олар жалған құжаттар рәсімдеп, атқарылған жұмыстар актілеріне қол қойған және Ұлттық білім беру деректер қорына көрінеу жалған мәліметтер енгізген», – делінген хабарламада.
Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде сотталушылар мемлекетке жалпы сомасы шамамен 1,4 млрд теңге шығын келтірген.
Сот колледждердің құрылтайшысын аса ірі мөлшерде алдау немесе сенімді қиянатпен пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін жымқырғаны немесе бөтеннің мүлкіне құқықты иемденгені, сондай-ақ ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін кінәлі деп таныды. Оның әрекеттерінде қылмыстың қайталануы (рецидив) бар деп танылды. Әйелге 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ оған дәл осы мерзімге жалпы білім беретін ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Сот қалған қызметкерлерді алаяқтыққа көмектескені үшін кінәлі деп таныды. Оларға мынадай жаза тағайындалды:
- кадр бөлімінің басшысына – 5 жыл мерзімге жалпы білім беретін ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6,5 жылға бас бостандығынан айыру;
- бухгалтерге – 5 жыл мерзімге бухгалтерлік есеп саласында лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру;
- екінші бухгалтерге – дәл сондай тыйыммен, 6 жылға бас бостандығынан айыру;
- директорға – 8 жыл мерзімге жалпы білім беретін ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6,5 жылға бас бостандығынан айыру.