Құрылысына 8 млрд теңге бөлінген өзен арнасы су тасқынына төтеп бере алмады ма

Миллиардтаған бюджет қаржысы бөлініп, жақында ғана жөндеуген өткен Үлкен Алматы өзенінің жағалауы табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмады. Су арнасынан тасығанда, өзен жағалауындағы гранит тақтайшаларды шайып кеті. Бұған қала тұрғындарының Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан түсірген суреттері дәлел.
Көпшіліктің назарын аударған фото кадрлардан жауын-шашыннан кейін су арнасының кейбір тұстарында гранит плиталардың орнынан қозғалып, жартылай бүлінгенін анық көруге болады.

Желі қолданушыларының пікірінше, гранит плиталар шамамен Навои көшесіндегі 200-үйге қарама-қарсы тұстағы жағалаудан ажырап кеткен. Сондай-ақ жарияланған фотосуреттерден плиталардың астындағы бекітетін цементтің өте аз болғаны анық байқалады.
Десе де, көпшіліктің наразылығын тудырып, қызу талқыға себеп болған дүние – өзен үстінен салынған көпір болды. Оның негізгі тіреулердің орнына кәдімгі ағаш тақтайшаларға тіреліп тұрғаны әлеуметтік желі пайдаланушыларының ашуын туғызды.
Бұл жағдайға байланысты Алматы қаласының әкімдігі ресми түсініктеме берген. Әкімдік бұл жаңа гранит емес, бұрыннан тұрған ескі тақтайшалар деп тұжырымдайды.
«Қазақпарат» таратқан мәліметке сүйенсек, 2026 жылдың 1 шілдесінде ауа температурасының күрт көтерілуі мен жауған жауын-шашын салдарынан Үлкен Алматы өзеніндегі су шығыны секундына 8 текше метрге дейін артқан.
Су деңгейінің осылайша көтерілуі Торайғыров көшесінен төмен орналасқан тұста бұрыннан тұрған гранитті қаптаманың кейбір элементтерінің жылжып кетуіне әкеп соқтырған.
Қалалық әкімдік бұл плиталардың жаңадан қойылмағанын, олардың жоба аясында жаңартылмаған ескі конструкциялар екенін атап өтті. Қазір мердігер ұйым жағалаудағы гранит плиталарды анкерлік бекіткіштермен қатырып, қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған.
Құрылысты депутат қызының компаниясы жүргізіп жатыр
Негізінде, Үлкен Алматы өзенінің іргелес аумағын абаттандыра отырып, №1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейінгі 5,7 шақырымдық арнасын реконструкциялау жобасы былтырдан бері жүргізіліп келеді.
Құны 8 миллиард теңгені құрайтын бұл ірі тендер 2024 жылдың қыркүйек айында жарияланып, қазан айында оның жеңімпазы ретінде «Павлодар өзен порты» АҚ анықталған. Компаниямен келісімшарт 2026 жылдың желтоқсанына дейін жасалған.
Қалалық Экология және қоршаған орта басқармасымен келісімшарт жасасқан мердігер компания міндетіне бетонды тіреуіш конструкцияларды реконструкциялау, жаяу жүргіншілер көпірлерін салу, балалар мен спорт алаңдарын, веложолдарды жабдықтау және аумақты көгалдандырып, ағаш пен тырғызу сияқты ауқымды жаңғырту жұмыстары кірген.
Жоспар бойынша 12 ай ішінде аяқталуы тиіс нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Осы орайда әкімдік өкілдері аталған нысанның әлі толық аяқталмағанын, пайдалануға берілмегенін және тапсырыс беруші тарапынан қабылданбағанын мәлімдеді.
Демек, қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына, нысанның бүтіндігі мен сақталуына, сондай-ақ анықталған кемшіліктерді жоюға тікелей мердігер ұйым жауапты болады.
Ал жұмыс толық бітіп, нысан ресми түрде пайдалануға қабылданып, тиісті актіге қол қойылған сәттен бастап 3 жылдық кепілдік мерзімі өз күшіне енеді.
Осы үш жыл ішінде жіберілген кез келген ақау мен кемшілікті мердігер компания өз қаражаты есебінен жөндеуге міндетті болады.
Айта кетерлігі, Алматыдағы бұл нысанды жөндеп жатқан «Павлодар өзен порты» АҚ қаладағы тағы бір ірі су нысанының жобасын жеңіп алған. Ол – Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын (БАК) күрделі жөндеуден өткізу тендері. 2025 жылдың 10 маусымында шыққан қорытынды хаттама бойынша, бұл жобаның құны ҚҚС-сыз 10,82 миллиард теңгені құраған.
«Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамы «САН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Бұл серіктестіктің құрылтайшылары – Пішембаева Долорес Мейрамқызы мен Сағынбек Анетта Арманқызы. Долорес Пішембаева – бірнеше рет Мәжіліс депутаты, Президенттің штаттан тыс кеңесшісі болған Мейрам Пішембаевтың қызы.
2025 жылы Алматы әкімдігі Сайран көлінің жағалауын жаңғыртумен де айналысқан осы айналысқан компанияны сотқа берді. Әкімдік «Павлодар өзен порты» компаниясын құрылыс жұмысын уақытында бітірмей, сапасыз атқарды деп айыптаған.