Бұрынғы депутат 2,6 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Алматы облысында бұрынғы депутат қылмыстық схема құрып, бюджеттен 2,6 млрд теңге жымқырған. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
Тергеу дерегінше, Қарасай ауданы мәслихатының бұрынғы депутаты өзіне бағынатын кәсіпорындар мен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығын пайдаланған.
Уәкілетті органға таңқурай алқаптарын отырғызу үшін жалған құжаттар ұсынған. Оның ішінде жалған сатып алу-сату шарттары, қабылдау-тапсыру актілері, электрондық шот-фактуралар бар. Алайда көрсетілген көлемде көшеттер іс жүзінде жеткізілмеген. Ал құжаттарда көрсетілген кей шаруашылықта таңқурай өсіруге жағдай жасалмаған.
Салдарынан бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам субсидия заңсыз алынған.
Заңсыз алынған субсидияның 491 млн теңгесі қор нарығында операциялар жүргізуге бағытталған. Осы мақсатта күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, ол арқылы қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары сатып алынған.
Бұдан бөлек, тағы 400 млн теңге уақытша қаржылай көмек көрсету сылтауымен «iSolutions Capital» микроқаржы ұйымына аударылған. Кейін бұл қаражат күдікті тарапынан кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырылған. Сондай-ақ күдікті ұрланған қаражаттың 170 млн теңгесін Қонаев қаласындағы казинода құмар ойындарға жұмсаған.
Сот санкциясымен күдіктілердің 4 пәтеріне, 3 автокөлігіне, жеке тұрғын үйіне және бағалы қағаздарына тыйым салынды. Үш күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Айта кетейік, Қазақстанда экономикалық қылмыс жасаған тұлғалар мен заңсыз істерге араласқан компаниялардың арнайы тізімі жарияланады.