Қырғызстанда онлайн мектептер ашылмақ

Қырғызстанда негізгі және жалпы орта білім беретін жекеменшік онлайн мектептерді лицензиялау енгізілуі мүмкін.
24 kg ақпаратына қарағанда, бұл туралы министрлер кабинетінің тиісті қаулы жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.
Ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір елде пилоттық режимде жұмыс істейтін жалғыз мемлекеттік онлайн мектеп – «Тунгуч» бар. Жоба 2025 жылдың 1 қыркүйегінен 2028 жылға дейін жүзеге асырылады. Оған қазірдің өзінде 2,5 мың өтінім түскен.
Алайда билік мемлекеттік жүйеде онлайн оқытуды жаппай енгізуді жоспарламайды. Сонымен қатар елдегі көптеген дәстүрлі мектептерде оқушы саны шамадан тыс көп.
Министрлік қашықтан білім алуға шетелде тұратын еңбек мигранттарының 80 мыңнан астам баласы, мүмкіндігі шектеулі балалар және шалғай елді мекендердегі оқушылар мұқтаж екенін атап өтті.
Осыған байланысты Қырғызстанда лицензияланған жекеменшік онлайн мектептерді ашу қажеттігі туындаған.
Айта кететін жайт, Түркістанда оқушылар мен студенттер қашықтан оқуға жіберілді. Бұған қалада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті себеп болған еді.