Кабо-Верде президенті Аргентинамен ойын алдында күтпеген мәлімдеме жасады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: BBC

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының плей-офф кезеңі қыза түсті. 4 шілде күні 1/16 финалының соңғы кездесулері өтеді. Солардың бірі қазіргі әлем чемпионы Аргентина құрамасы турнирдің басты сенсациясы Кабо-Верде командасымен кездеседі.

FIFA рейтингінде 67-орында тұрған «көк акулалар» биылғы мундиальда мінез көрсетіп, футбол жұртшылығын таңғалдырды. Әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отырған верделіктер бірде-бір рет жеңілмей, азулы Испаниямен (0:0), Уругваймен (2:2) тең түсті, ал соңғы турда Саудия Арабиясымен (0:0) ұпай бөлісті.

«Аргентинаны 1:0 есебімен жеңе аламыз»

Осы тарихи матчтың алдында Кабо-Верде президенті Жозе Мария Невеш құрамасына жігер беретін мәлімдеме жасап, Месси бастаған ұжымды тізе бүктіруге қауқарлы екендерін айтты:

«Біз бұл әлем чемпионатына өз тағдырымызды өз қолымызбен жазу үшін және қазіргі әлем чемпиондарымен кездесу үшін келдік. Сондықтан Мессидің командасына қарсы алаңға тек жеңіске деген үлкен талпыныспен шығамыз. Ойыншыларымызда 100% сенім мен үміт бар, олар алаңда аянбай тер төгеді. Біздің Аргентинаны жеңуге 100% мүмкіндігіміз бар. Мұндай мықты қарсыластармен ойында кез келген нәтиже болуы мүмкін. Алайда бұл матч қалай аяқталса да, біз тек жеңіс үшін ойнаймыз. Нәтижеге қарамастан, мундиальдан басымызды жоғары көтеріп, миссиямызды орындаған сезіммен аттанамыз. Меніңше, біз Аргентинаны 1:0 есебімен жеңе аламыз».

Трансляцияны қайдан көруге болады?

Аргентина мен Кабо-Верде арасындағы текетірес 4 шілде күні Қазақстан уақытымен сағат 03:00-де басталады. Отандық футбол сүйер қауым бұл тарихи кездесудің тікелей трансляциясын Qazsport телеарнасынан тамашалай алады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы Хорватияны жеңіп, 1/8 финалына шыққан еді.

Сондай-ақ оқыңыз