443 метр биіктікке шығып, сөз салған жұп желі жұлдызы атанды

Нью-Йорктегі ең биік ғимараттың бірі Empire State Building-ке шыққан Ангела Николау мен Иван Биркус желі жұлдызы атанды. 443 метр биіктікте Биркус Николауға сөз салған. Бірақ оларды «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген айыппен полиция ұстады деп жазады ВВС.
33 жастағы Ангела Николау мен 32 жастағы Иван Биркус биік ғимараттың ұшар басына шығып, үлкен баннер жайған. Онда «Махаббат билікті жеңгенде, әлемде тыныштық орнайды» деп жазылған. Сол жерде жұп 10 минуттай тұрды.
Кейін ғимараттың төменгі жағында алаңшаға түскенде Биркус Николауға ұсыныс жасады. Бойжеткен оны қабыл алды.
Бірақ аз уақыттан соң екеуін Нью-Йорк полициясы ұстады. CBS телеарнасының мәліметінше, оларға абайсызда адам өміріне қауіп төндірді, ғимаратқа бұзып кіріп, ұрлық жасады, бөтен аумаққа заңсыз кірді, қоғамдық тәртіп бұзды деген айып тақты. Қызығы Empire State Building әкімдігі олардың әрекеті ғимараттағы тұрғындар үшін де, келушілер үшін де еш қауіп төндірмегенін айтқан. Қазір Биркус пен Николау бостандықта, тамыздың соңында олардың ісіне қатысты сот тыңдалымы өтуі керек.


Бұл Биркус пен Николаудың алғашқы «ерлігі» емес. Бұған дейін де бүкіл әлем бойынша осындай қауіпті трюктерді орындап жүрген жұп 2024 жылы жарық көрген Netflix-тің «Skywalkers: A Love Story» деректі фильмінің басты кейіпкерлеріне айналған. Осы жолғы тәжірибелері де желіде жылдам таралып кетті. Көпшілігі осындай ұшар биіктікке шыққандарына, ерекше жағдайда ұсыныс жасағандарына тәнті болып жатыр.
«Барлығы кинодағыдай болыпты, балаларына айтатын жақсы естелік»
«Орыстардың Бонни мен Клайды»
«Олардың өмірі кинодан да әдемі», – деп жазып жатыр желі қолданушылары
Ал кейбірі бұл арнайы жасалған жоба деген пікір айтады. Жұп ұшар биікке шыққанда жан-жағынан тікұшақтар, дрондар түсіріп жүргенін алға тартып, әлдебір фильмнің немесе брендтің жарнамалық ролигі болуы мүмкін деген нұсқаны жазып жатыр.
Тағы да оқыңыз: Ауғанстанда 80 жұп бірігіп үйлену тойын жасады