Алакөлдегі қатты дауыл салдарынан көпбалалы отбасы ағып кете жаздады

Жетісу облысындағы Алакөл көлінде болған дауыл жеті баласы бар тоғыз адамнан тұратын отбасын тереңге ағызып әкете жаздады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінен мәлімдеді.
Желдің кенеттен күшеюінен демалушылар Ақши ауылы маңындағы, «Көктем Гранд» демалыс аймағына жақын жердегі алаңқайда қалып қойып, жағаға өздігінен қайта алмаған.
«Оқиға орнына Ақши ауылының Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Алакөл ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерімен бірге дереу жетті. Олар қайықпен барлық демалушыны аман-есен эвакуациялап, жағаның қауіпсіз жеріне жеткізді», — деп хабарлады ТЖМ.
Бақытқа орай, ешкімге медициналық көмек қажет болмады.
Құтқарушылар суға шығар алдында ауа райы болжамын бақылау қажет екенін еске салды.
Айта кетейік, шылденің басынан бері шығыс өңірлерде қатты жаңбыр жауып, сел жүріп, дауыл тұрған. Осыған дейін Алматы маңындағы «Түргенсай» демалыс орнынан туристер эвакуацияланған еді.