Қапшағай су қоймасында екі адам суға кетті

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Қапшағай су қоймасында екі адам суға кетті / Фото: Shutterstock

Қонаевта Қапшағай су қоймасында 2006 жылы туған бойжеткен мен 2004 жылы туған жігіт суға кетті, деп хабарлады Алматы облысының ТЖД.

Қайғылы оқиға 1 шілдеде «Джаса» демалыс аймағының маңында болған. ТЖД мәліметінше, жастар шомылуға жабдықталмаған жерде суға түскен.

«1 шілдеде Алматы облысы ТЖД-ның 112 пультіне Қонаев қаласының «Джаса» демалыс аймағы маңында шомылуға жабдықталмаған жерде суға түсу кезінде екі жастың суға кеткені туралы хабарлама түсті», – деп хабарлады ТЖД.

Құтқарушылар келгенге дейін демалушылар жағадан шамамен 30 метр жерде судан 2006 жылы туған бойжеткеннің денесін шығарған. Жоғалған екінші адамды іздеу үшін Алматы облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының күштері мен құралдарын тарта отырып, іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды.

Су қоймасындағы іздестіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. 2 шілде күні таңертең құтқарушылар Қапшағай су қоймасының жағалау сызығынан 2004 жылы туған ер адамның денесін тапты. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол суда қаза тапқан бойжеткенмен бірге болған.

Бұған дейін оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болған еді. Instagram-дағы qonaev_qapshagay аккаунтындағы жарияланым авторының айтуынша, бір топ жас су бойына демалуға келген. Достарының бір бөлігі көліктен заттарды түсіріп жатқанда, жігіт пен бойжеткен су қоймасына кірген. Осы сәтте жел күшейіп, суда толқын көтерілген, содан жастар бата бастаған.

Куәгерлердің бірі бойжеткенді құтқармақ болып, оны судан алып шыққаны, алайда оны аман алып қалу мүмкін болмағаны айтылған. Әлеуметтік желілердегі алдын ала ақпарат бойынша, бойжеткен Астанадан, ал жас жігіт Тараздан болған.

Құтқарушылар тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде суға кірмеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға және жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Бұған дейін Алакөл көлінде болған дауыл жеті баласы бар тоғыз адамнан тұратын отбасын тереңге ағызып әкете жаздағаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз