Президент қазақстандықтарды домбыра күнімен құттықтады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Президент қазақстандықтарды домбыра күнімен құттықтады / фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық Домбыра күнімен құттықтады. Құттықтауда бұл аспаптың ұлттық бірегейлік пен рухани сабақтастықты сақтаудағы рөліне тоқталып, өнер ұжымдары мен насихатшыларға алғыс білдірді.

Рухани бағыт-бағдар және ұлттық парыз

Президент домбыраның қазақ халқы үшін жай ғана аспап емес, елдің рухын асқақтататын баға жетпес мұра екенін атап өтті. Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызы зор.

«Жаһандық сын-қатерлер күшейіп, дәстүрлі құндылықтар көмескіленген қазіргідей алмағайып заманда Ұлы даланың мол мұрасы, әсіресе, қара домбырамыз төл мәдениетіміздің мызғымас тұғыры болып қала береді», – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ домбырасының сазды әуенін халықаралық қауымдастыққа таныстыруды жалпыұлттық парыз деп атады. Ол осы бағытта ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деген сөзі негізгі темірқазық болуы тиіс екенін алға тартты.

Ата заңдағы жаңа парақ

Биылғы мерекенің символдық мәні айрықша. 1 шілдеде Халық Конституциясы заңды күшіне енді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл оқиға мемлекеттілік жылнамасының жаңа парағын ашты.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау алғаш рет Халық Ата заңының негізгі қағидаты ретінде айқындалды. Бұл өзгеріс өсіп-өркендеуге бет алған халқымыздың бітім-болмысы мен мақсат-мүддесіне толық сай келеді.

Өнерпаздарға алғыс

Президент ұлттық өнерді ел ішінде және шетелде жоғары деңгейде насихаттап жүрген домбырашыларға, оқытушыларға және барша жанашырларға шынайы ризашылығын білдірді.

«Қазақтың ән-күйі алдағы уақытта да азаматтарымызға шабыт беріп, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру жолында жаңа жетістіктерге жетелей береді!» – деп түйіндеді президент.

Құттықтау соңында мемлекет басшысы әр шаңыраққа амандық пен бақ-береке тіледі.

Сондай-ақ оқыңыз