Тоқаев Алжир президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алжир Халық Демократиялық Республикасының президенті Әбделмәжид Теббунға және ел халқына құттықтау жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы алжирліктерді ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Сенімді серіктестік пен берік достық
Қасым-Жомарт Тоқаев өз жеделхатында екі ел арасындағы дипломатиялық және достық байланыстардың маңызына ерекше тоқталып өтті.
«Біз Алжирді араб әлеміндегі сенімді серіктестеріміздің бірі деп қарастырамыз. Берік достық пен өзара түсіністікке негізделген қазақ-алжир қарым-қатынастары халықтарымыздың игілігі жолында ұдайы дами беретініне сенімдімін», – делінген хабарламада.
Жеделхат соңында Қазақстан президенті алжирлік әріптесі Әбделмәжид Теббунның жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі. Сондай-ақ, достас Алжир халқының өсіп-өркендеуі мен құт-берекесі үшін жылы лебізін білдірді.
Айта кетейік, осыған дейін Алжир президенті Әбделмәжид Теббун президент Тоқаев пен қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтаған еді.