Алматы Орталық Азиядағы ең қымбат қала атанды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Алматы Орталық Азиядағы ең қымбат мегаполис атанды / Фото: kursiv.media, Офелия Жакаева

Numbeo сервисі 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы өмір сүру құны бойынша әлемдік рейтингті жаңартты. Тізімге әлемнің 547 қаласы, оның ішінде Алматы мен Астана да енді.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, Алматы жалпы рейтингте 409-орынға, ал Астана 469-орынға жайғасты. Бұл Алматыдағы өмір сүру құны елордамен салыстырғанда жоғары екенін көрсетеді.

Рейтинг құру кезінде тұрғындардың күнделікті шығындары есепке алынған. Атап айтқанда, азық-түлік бағасы, кафе мен мейрамханалардағы қызмет құны, қоғамдық көлік, коммуналдық төлемдер және басқа да күнделікті шығындар ескерілген. Ал тұрғын үй сатып алу бағасы мен ипотека төлемдері рейтингке енгізілмеген.

Numbeo дерегіне сәйкес, Алматының өмір сүру құны индексі 38,7 балды құраса, Астанада бұл көрсеткіш 32,8 балл болған. Сондай-ақ жалға алу құнын қоса есептегендегі өмір сүру құны индексі бойынша да Алматы елордадан жоғары нәтиже көрсетті.

Орталық Азия қалаларының ішінде Алматы өмір сүру құны ең жоғары қала атанды. Екінші орында Астана, одан кейін Ташкент, Бішкек және Душанбе орналасқан.

Әлемдік рейтингте Швейцарияның Цюрих қаласы 123,1 балл көрсеткішпен бірінші орынға шықты. Алғашқы бестікке Джорджтаун (Кайман аралдары), Люцерн, Базель және Женева кірді.

Ал өмір сүру құны ең төмен қалалар Үндістанда тіркелген. Рейтингтің соңғы сатысына Коимбатур қаласы жайғасты.

Айта кетейік, Астана мен Алматы әуежайлары әлемдегі ең үздік 100 әуежайдың қатарына енді.

Сондай-ақ оқыңыз