Алматыда тау басындағы көлдерді бақылау бекеттері ашылды

Алматы қаласында ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ-нің мұздақ көлдердің жай-күйін тәулік бойы бақылауға арналған бес биік таулы бақылау бекеті жұмысын бастады.
ТЖМ ақпаратынша, бақылау бекеттері Үлкен Алматы өзені алабындағы №13-бис және №10 көлдерде, Ақсай өзені алабындағы №8 және №9-10 көлдерде, сондай-ақ «Күмбел» гидробекетінің жоғарғы бөлігінде орналастырылды.
«Маусымдық бақылау бекеттері гидрологиялық жағдайды тұрақты бақылауды қамтамасыз етіп, көлдердің жай-күйіндегі ықтимал өзгерістерді дер кезінде анықтауға және қауіп туындаған жағдайда жедел ақпарат беруге мүмкіндік береді. Мұздақ көлдерге тәулік бойы мониторинг жүргізу сел қаупі кезеңі аяқталғанға дейін жалғасады», – дейді ТЖМ өкілдері.
Бұған дейін осындай биік таулы бақылау бекеттері Алматы облысында да ашылған болатын. Жүргізіліп жатқан іс-шаралар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мұздақ көлдердің жарылу қаупіне байланысты төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Айта кететін жайт, Алматының таулы аймақтарында сел жүру қаупі күшейген еді.