Ресейден бензин жеткізуге ресми сұраныс түскен жоқ – министрлік

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Үкіметте өткен брифингте Ресейден бензин жеткізуге ресми сұраныс түспегенін түспегенін мәлімдеді.
Ресейдің Қазақстаннан бензин сұрап отырғаны рас па?
«Ресей Федерациясы тарапынан Энергетика министрлігіне ресми өтініш түскен жоқ. Егер министрлік атына тиісті өтініш жолданатын болса, біз оны өз мүдделерімізді ескере отырып, өзара тиімді шарттар негізінде қарастыратын боламыз», – деді вице-министр.
Бұған дейін БАҚ-та Ресей тарапы Қазақстанға шамамен 50 мың тонна АИ-92 бензинін жеткізу мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш тастағаны тараған еді.
Бұл мәлімет мұнай өңдеу зауыттарына жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін Ресейде отын өндірісінде іркілістер орын алған тұста шықты.
Қырғыз тарапынан бензинге ресми сұраныс түсті
Энергетика вице-министрі Қырғызстан тарапынан бензинге ресми сұраныс түскенін растады.
«Біз оны қазір қарастырып жатырмыз. Бүкіл шешім біздің ұлттық мүдделерімізді ескере отырып қабылданады. Қандайда бір сұраулар жанар-жағармай бағасының кенеттен өсуіне жол бермейді. Қырғызстаннан келген сұрау бойынша жан-жақты қарастырып, жақында жауап беретін боламыз», – деді вице-министр Қайырхан Тұтқышбаев.
Бұған дейін энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Орынбор мұнай өңдеу зауытында болған жағдай біздің отандық зауыттардың жұмысына еш әсер етпейтіні айтқан еді.