Монополистерге жарты жылда 519 млн теңге айыппұл салынды

Қазақстанда табиғи монополиялар субъектілеріне бақылау күшейіп жатыр. Бұл салаға су, жылу, электр энергиясы, газ, кәріз жүйесі сияқты халық күнделікті пайдаланатын маңызды қызметтер кіреді. Сондықтан мұнда тарифтің әділ болуы, қызмет сапасы және заң талаптарының сақталуы ерекше маңызды.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында табиғи монополиялар субъектілеріне қатысты 92 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Соның 34-інде заң бұзушылықтар анықталды.
Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті орган бірнеше шара қабылдайды. Атап айтқанда, әкімшілік іс қозғайды, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама береді немесе материалдарды құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдарға жолдайды.
Жарты жыл ішінде Комитет пен оның аумақтық бөлімшелері заң бұзушылықтарды жою бойынша 32 нұсқама енгізген. Оның 25-і орындалды. Қалған нұсқамалар бойынша шағымдану рәсімі жүріп жатыр.
Сонымен қатар табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 792 әкімшілік іс қозғалды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 518,8 млн теңгеге жетті. Оның ішінде 319,4 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілді.
Бұл деректер табиғи монополиялар саласында бақылаудың формалды түрде ғана емес, нақты әкімшілік шаралар арқылы жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Әсіресе тариф пен қызмет сапасы тұрғындар үшін тікелей маңызды болғандықтан, мұндай тексерулердің нәтижесі нарықтағы тәртіпке де, тұтынушылар құқығын қорғауға да әсер етеді.
Тағы да оқыңыз: «Қазақстан темір жолының» IPO-cына инвесторлар қызыға ма?