СҚО-да ұрыларға көмектесіп келген полицей сотталды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында учаскелік полиция инспекторы күдіктілерге ұрланған шиналарды сатуға көмектескен.

Halyqstan ақпаратына қарағанда, полицей түскен табыстан өз үлесін алып отырған.

Оқиға 2024 жылдың көктемінде Белое ауылында болған. Жергілікті ЖШС-ның екі қызметкері ангардан бірнеше жаңа шинаны ұрлап, оларды түнде жарық қоспай «Урал» мотоцикліне тиеп алып кеткен.

Жолда оларды учаскелік инспектор Денис Николайчев тоқтатып, шиналардың қайдан алынғанын сұрайды. Ер адамдар бірден ұрлағандарын мойындап, мәселені сол жерде шешуге тырысқан.

Тергеу барысында анықталғандай, полицей оларға шиналарды өзінің танысының үйіне апарып қоюды тапсырған. Кейін шиналар екі арба отынға айырбасталып, оны полиция қызметкері өзіне алған.

Арада бір жылға жуық уақыт өткен соң, олар дәл осындай ұрлықты тағы қайталауға бел буады. Сол «Уралмен», тағы да жарық қоспай ангарға бара жатқан жолда қайтадан сол учаскелік инспекторға кездеседі. Ұрлыққа бара жатқанын жасырмай айтқанда, полицей өзіне де үлес бола ма деп сұраған.

Ұрылар шиналарды ангардан шығарып жатқанда, инспектор көлігімен аялдама маңында күтіп тұрған.

Сол түні олар үш рет қатынап, жалпы құны 2,3 млн теңгеден асатын 17 жаңа шинаны алып кеткен.

Ұрланған мүлікті сатып алушыны да сол Николайчев тауып берген. Түскен қаржыдан ұрылардың әрқайсысы 240 мың теңгеден, ал полицей 200 мың теңге алған.

Сот үшеуін де кінәлі деп таныды. Ауыл тұрғындары үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ал бұрынғы учаскелік инспектор үш жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Айта кететін жайт, Жамбыл облысы полиция бастығының бұрынғы орынбасары 6 жылға сотталды.

Сондай-ақ оқыңыз