Астанада дрон-шоу ұйымдастырған компания кешірім сұрады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: әлеуметтік желіден

Астанада даулы дрон-шоу ұйымдастырған Aspan Galaxy компаниясы кешірім сұрады. Компания директоры Сымбат Серік ресми парақшасында арнайы мәлімде жасады.

Оның түсіндіруінше, көпшілігі ойлағандай шоу Қала күніне арналмаған. Ондай ақпарат компания парақшасында да, әкімдік сайтында да жарияланбаған. Бірақ соған қарамастан қала тұрғындары оны Астана күніне арналған жоба деп қабылдаған.

«Бұл жеке коммерциялық шара еді. Біз алдын ала БАҚ-қа ресми ақпарат жібердік. Бірақ басылымдардың бір бөлігі оны Қала күніне арналған мерекелік бағдарлама ретінде таныстырды. Осының әсерінен көпшілігінде дұрыс пікір қалыптаспады», – дейді Сымбат Серік.

Жобаға қала әкімдігі де және жарнамаға тапсырыс берген Freedom Ticketon да жауапты емес екенін атап өтеді.

«Біз жауапкершілікті біреуге арта салғымыз келіп тұрған жоқ. Бірақ мұндай оқиғаға не себеп болғанын түсіндіргіміз келеді. Қала әкімшілігі де, Freedom Ticketon да шараның ұйымдастырушысы емес екенін атап өтеміз. Осы оқиғаның кесірінен ыңғайсыз жағдайға қалған әрбір тұрғыннан кешірім сұраймыз», – дейді Aspan Galaxy директоры.

6 шілдеде Астанада арнайы дрон-шоу өтті. Онда Freedom Ticketon логотипі мен әнші Энрике Иглесиастің концерттері туралы жарнама көрсетілген. Кейінірек компания ол шоуды ұйымдастырмағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз