Судья болғысы келетіндер тапсыратын емтихан толығымен өзгерді

Судья болғысы келетін үміткерлер тапсыратын емтихан жүйесі толық жаңарды. Бұл туралы баспасөз брифингінде Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Салтанат Жүніспекова мәлімдеді.
Оның сөзінше, кадрларды конкурстық іріктеудің ең маңызды кезеңі біліктілік емтиханы болған. Соңғы екі жыл ішінде аталған емтихан жүйесіне ауқымды реформа жасалды.
«Емтиханнан өту мерзімі 1,5 жылдан 3 айға дейін қысқартылды. Бұған емтиханды ай сайын өткізу, психологиялық тестілеу санын көбейту және Біліктілік комиссиясының жұмысын қайта ұйымдастырудың нәтижесінде қол жеткізілді», – деді ол.
Қазіргі таңда кандидаттар бес түрлі сынақтан өтеді. Олар: компьютерлік тестілеу, эссе жазу, практикалық тапсырмаларды шешу, психологиялық тексеріс және қорытынды сұхбат. Сондай-ақ сынақ сұрақтары да қайта қаралып, тәуелсіз ғылыми сараптамадан өткен 1000-ға жуық жаңа тест тапсырмасы қосылды.
«Биылғы жылдың алғашқы алты айында 304 кандидаттың қатысуымен төрт біліктілік емтиханы өткізілді. Емтиханның барлық кезеңін 53 кандидат сәтті аяқтады. Бұл жалпы қатысушылар санының 17,4%-ын құрайды. Бұл – іріктеу жүйесін дәйекті жетілдірудің нәтижесі», – деп атап өтті Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі.
Қазір ел бойынша 237 судьяның орны бос тұр. Кей орындарға лайықты үміткерлерді іздеуге бес жылға дейін уақыт кетеді.